Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Талғарда «Дала қырандарының» белсенділері республикалық #жаттығу жобасын# бастады

23:22, 13 қыркүйек 2026

Бүгін Алматы облысының Талғар ауданында «Дала Қырандары» мен Спортшылар кеңесі «Әділет» партиясының бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған «жаттығу жобасын» бастады. Іс-шараға Талғар қаласындағы белсенді жастар, жергілікті тұрғындар мен «Дала қырандары» бірлестігінің өкілдері қатысып, тұрғын үйлер аулаларындағы спорттық орындардың тазалығын, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ат салысты, деп жазады Alash.KZ ұлттық порталы.   

 Аталмыш жоба «Әділет» партиясының 2026–2031 жылдарға арналған стратегиялық міндеттемелерін нақты жүзеге асыруға бағытталғанын айта кетейік. Сондай-ақ қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, тазалық жұмыстарын жүргізу, тұрғын үйлер аулаларындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және бұқаралық спортты көпшілікке, оның ішінде жастарға қолжетімді ету мәселелеріне басымдық берілгенін ескертейік.

 «Дала Қырандары» жастар қоғамдық бірлестігінің (ЖҚБ) үйлестірушісі Мейірболат Тойытов:

«Ауладағы тәртіп жобасы – жастарды қауіпсіздікке бастайтын және салауатты әдеттерді қалыптастыратын алғашқы қадам. Біздің мақсатымыз – аулаларға жай ғана жөндеу жұмыстарын жүргізу емес. Біз өз ауласы мен балалар өсіп келе жатқан ортаның жай-күйіне, қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарайтын көршілер мен жастардың тұрақты қауымдастығын қалыптастыруды көздейміз», – деп түсіндірді алғашқы сөзінде.

 Мейірболат Тойытов жобаның мақсаты туралы сөзінде: «Салауатты аула ортасын қалыптастырып, тұрғындарды ортақ іске біріктіру арқылы аулалардағы синтетикалық есірткі, алкоголь және вандализм сияқты келеңсіз құбылыстардың алдын алуды басты мақсат етіп отырмыз» дегенді қадап айтты.

 Бүгінгі шарада Қазақстан Спортшылар кеңесі науқанның негізгі спорттық серіктесі ретінде кәсіби тәлімгерлік және әдістемелік қолдау көрсетті. Талғарда өткен алғашқы іс-шара спорт, экология және әр буын өкілдерінің өзара диалогын бір арнаға тоғыстырған кешенді бағдарлама форматында ұйымдастырылды.

Айталық, шара кезінде ашық жаттығу мен шеберлік сабақтары қатар ұйымдастырылды. Спортшылар кеңесінің мүшесі Юрий Васильевич Мельниченко «Дала Қырандары» мүшелерімен бірге балалар мен жасөспірімдерге денені қыздыру жаттығуларын өткізіп және жалпы дене дайындығы бойынша шеберлік сабақтарын ұйымдастырды. Қатысушыларға ашық алаңдардағы спорттық құралдарды дұрыс әрі қауіпсіз пайдалану техникасы көрсетілді.

 Жаттығудан кейін бірден қозғалыс белсенділері мен спортшылар, жергілікті тұрғындар аумақты бірлесіп тазалауға бел шешіп кірісті. Олар Талғар қаласындағы Абай көшесінің бойында орналасқан спорттық кешеннің ауласындағы спорт алаңдары мен көгалдарды қоқыстан тазартып, брусьялар мен турниктерді, орындықтарды сырлап, спорттық құрал-жабдықтардағы ұсақ ақауларды барынша ретке келтірді.

 Ұйымдастырушылардың айтуынша, Талғардағы алғашқы іс-шарадан кейін науқан Қазақстанның өзге де қалалары мен өңірлерінде жалғасын тауып, ауқымы кеңейеді.

 «Дала Қырандары» ЖҚБ үйлестірушісі Дамир Әсемғазыұлы Бекбосынов Alash.KZ тілшісіне берген сұхбатында:

«Біз «Дала қырандары» жастар қоғамдық бірлестігі үлкен жоба бастадық. Бұл жоба Талғардан басталып отыр. Оның өзіндік себебі бар. Өйткені, соңғы жылдары Талғар қаласы даулы, шулы оқиғалармен аты жиі аталып кетті. Сондықтан бұл игі шараны осы ауданнан бастағанды жөн санадық. Бұл «Дала қырандары» және «Әділет» партиясы мен Спортшылар кеңесінің бірлескен жобасы. Біздің жүргізген статистикамыз бойынша, ішімдік сататын дүкендер саны спорттық алаңдардан бірнеше есе көп болып шықты. Бұл қоғамды алаңдатарлық мәселе. Сондықтан біз жастарға салауатты орта қалыптастыратын аула жасап беруіміз керек» дегенді ашық айтты.

Дамир Бекбосыновтың айтуынша, бұл шара апта сайын Қазақстанның бірнеше қаласында өткізіліп тұрады. Спорт шеберлері жаттығудан ашық сабақтар өткізеді, жастармен кездесу жасап, олардың сұрақтарына жауап береді. Бұл бір жағынан тәртіп, екінші жағынан спортқа баулу.

 Кәсіби спорт қауымдастығы ауладағы спортты елдің болашақ спорттық жетістіктерінің берік негізі деп санайтындарын жеткізді.

Спортшылар кеңесінің мүшесі Юрий Мельниченко журналистерге берген сұхбатында:

«Қазақстандағы белгілі спорт шеберлері мен чемпиондардың спорттағы жолы дәл осындай ауладағы шағын алаңдардан, үйлердің жанындағы қарапайым турникке тартылудан басталған. Егер жасөспірімнің жанынан дер кезінде бағыт-бағдар беретін тәлімгер, жарамды спорттық құрал және салауатты орта табылса, біз денсаулығы мықты, денесі шыныққан ұрпақ тәрбиелеп, ұлттық спорт үшін мықты резерв қалыптастыра аламыз», - деп атап өтті өз сұхбатында.

 Қазақстандық спортшы, жекпе-жек және хоккей жарыстарына қатысушы Диас Абдулакимов спорт әр балаға қолжетімді болуы керек деген ой айтты.

«Ол үшін әртүрлі қымбат абонементтер мен арнайы секцияларға ақылы түрде жазылудың еш қажеті жоқ. Жаттығу мүмкіндігі әр баланың өз үйінің ауласында, жаяу жететін жерде болғаны өте маңызды. Бүгін біз балалардың өздерінен тәжірибелі спорт шеберлерімен бірге жаттығып, жаңа дүние үйренген кездегі қуаныштарын көздерінен анық көрдік. Біз алдағы уақытта да осындай аулаларға барып, жаттығулардың дұрыс орындалу техникасын көрсетіп, өз тәжірибемізбен бөлісуді жалғастырамыз», - деді.

Бұл жастарға тазалық мәдениетін қалыптастыратын, жауапгершілік мәдениетін қалыптастыратын алғашқы бірегей жоба. Себебі аула – сенің аулаң, спорттық алаңқай да сенікі. Біз бүгінгі шарадан осыны ұқтық.   

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар