Солтүстік Қазақстан облысының Саумалкөл ауылында жөндеу жұмыстары кезінде қайғылы жағдай тіркеліп, екі жұмысшы көз жұмды, деп жазады Alash.kz.
Оқиға Айыртау ауданындағы кәріздік сорғы станциясында орын алған. Қазіргі уақытта құзырлы органдар технагендік сипаттағы бұл оқиғаның нақты себептерін анықтау үшін арнайы тексеріс жүргізіп жатыр.
Алдын ала болжам бойынша, мердігер ұйымның қызметкерлері нысан ішіндегі улы газдарға уланған. Мамандар жұмыс барысында жиналып қалған метан мен күкіртсутегінің жоғары концентрациясынан тыныс ала алмай қалған болуы мүмкін. Қаза болған жұмысшылардың тәжірибелі мамандар болғаны белгілI. Oлардың бірі 48 жаста болса, екіншісі 50 жасқа толған.
Облыстық полиция департаменті оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғап, тергеуді бастап кетті. Ведомствоның баспасөз қызметі: «Еңбекті қорғау ережелерін бұзу фактісі бойынша полиция сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады», – деп мәлімдеді. Тергеушілер жұмыс орнындағы қауіпсіздік техникасының сақталу деңгейін және техникалық регламенттердің орындалуын тексеретін болады.
Қайғылы оқиға орын алған аумақта қажетті сараптамалар тағайындалды.