Израиль әскері АҚШ-тың арағайындығымен Израиль мен Ливан арасында жасалған негіздемелік келісімге қол қойылғаннан бір күн өткен соң Ливанның оңтүстігіне әуеден соққы жасады. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады, деп жазды Alash.kz.
Мәліметке сәйкес, дронмен жасалған шабуыл Ливанның Набатия провинциясындағы Набатие әл-Фавка елді мекеніне бағытталған.
Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) операция барысында Израиль әскері үшін қауіп төндірді деп күдікке ілінген қарулы топ өкілі нысанаға алынғанын мәлімдеді.
«Соққы дрон арқылы жасалды, өйткені нысананың маңында Израиль әскері болған жоқ. Нысана біздің күштерге қауіп төндірген адам болды», – деп хабарлады ЦАХАЛ.
Еске салайық, бұған дейін Израиль мен Ливан АҚШ-тың арағайындығымен Вашингтонда негіздемелік келісімге қол қойған болатын. Құжатқа сәйкес, Израиль әскері Ливанның оңтүстігіндегі Литани өзені маңындағы екі ауданнан кезең-кезеңімен шығуы тиіс. Бұл аумақтардағы бақылау америкалық әскери қызметкерлердің қатысуымен Ливан армиясына беріледі.
Алайда Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху «Хезболла» толық қарусыздандырылып, Израильге төнетін қауіп жойылмайынша, ел әскері қауіпсіздік аймағынан шықпайтынын мәлімдеген.
Өз кезегінде «Хезболла» жетекшісі Наим Касем келісімді қатаң сынға алып, оны Израиль алдындағы «біржақты жеңілдік» деп бағалады. Оның айтуынша, қозғалысты қарусыздандыру талабын Израиль әскерінің шығарылуымен байланыстыру Ливанның егемендігіне нұқсан келтіреді.
Израиль билігі Ливанның оңтүстігіндегі әскери операциялардың жалғасуын «Хезболла» тарапынан төнетін қауіптің алдын алу қажеттілігімен түсіндіріп отыр.