Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Сынақтан өте алмады»: Аурухана, перзентханалардың бас дәрігерлерін аттестаттау жүріп жатыр

17:26, 07 қараша 2026

Қазақстанның перзентханаларында, балалар ауруханаларында және жедел жәрдем станцияларында басшылық құрамның кәсіби біліктілігін анықтауға бағытталған ауқымды аттестаттау жүріп жатыр, деп хабарлайды Alash.kz.

Денсаулық сақтау министрлігі таратқан мәліметке сәйкес, қазан айының ортасынан бері еліміздің 15 өңірінен 230-дан астам бас дәрігер мен олардың орынбасарлары аттестаттаудың алғашқы кезеңі саналатын тестілеуден өткен. Бұл көрсеткіш жалпы үміткерлер тізімінің 72 пайыздан астамын қамтиды. Тексеру қорытындысы бойынша қатысушылардың 80 пайызы сынақтан сәтті өткенімен, сынаққа қатысқандардың әрбір бесіншісі, яғни 47 маман ең төменгі өту балын жинай алмай қалған. Шекті балл жинай алмағандардың 25-і медициналық мекеме басшылары болса, 22-сі — олардың орынбасарлары. Бұған қоса, тағы 27 маман тестілеуге мүлде қатыспаған.

Сәтсіз нәтиже көрсеткендердің басым бөлігі Ақмола, Маңғыстау және Қостанай облыстарына тиесілі болып шықты. Бұл үш өңірден сынақтан сүрінгендер жалпы теріс көрсеткіштің жартысынан астамын құрап отыр. Ал керісінше, Астана қаласы мен Павлодар облысында барлық үміткерлер тестілеуді сәтті аяқтаған.

Денсаулық сақтау министрлігі медициналық ұйымдарда сапалы әрі қауіпсіз көмек көрсету тікелей басшылардың қабылдайтын шешімдеріне байланысты екенін, сол себепті мұндай біліктілік тексерістерінің маңызы жоғары екенін атап өтті. Алғашқы кезеңде жеткілікті балл жинай алмаған мамандар екінші кезеңге, яғни сұхбаттасуға жіберілмейді. Оларға қайта сынақ тапсыру мүмкіндігі тек алты айдан кейін беріледі.

Еліміз бойынша медициналық мекеме басшылары мен орынбасарларын аттестаттау шаралары жыл соңына дейін жалғасатын болады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар