Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Сымсыз интернет пен смартфондарды пайдаланған". Колонияда отырып сұмдық қылмысқа барып, жүздеген миллион теңге тапқан алаяқтар сотталды

10:56, 18 сәуір 2026

Алматы облысындағы колонияларда жазасын өтеп жатқан сотталғандардың алаяқтық схеманы ұйымдастырғаны әшкереленді, деп хабарлайды Alash.kz. 

Тергеу мәліметінше, қылмыскерлер сымсыз интернет пен смартфондарды пайдаланып, жүк тасымалына арналған сайттар арқылы азаматтарды алдаған. Олар логистикалық қызмет ұсынатын кәсіби маман ретінде көрініп, сенімге кіріп, бір реттік банк шоттарына ірі көлемде ақша аудартқан. Кейін байланыс үзіліп, жәбірленушілер алданғанын түсінген. Іс бойынша 24 адам жәбірленуші деп танылған.

Қылмыстық топты әшкерелеу үшін Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі, прокуратура қызметкерлері және арнайы жасақ сарбаздарынан құралған 30-дан астам тергеу тобы жұмыс істеген. Тергеу бір жылдан астам уақытқа созылған.

Іс материалдарына сәйкес, алаяқтық схеманы 2023 жылы Заречный кентіндегі колонияда жазасын өтеп жүрген Павел Трофимов ойлап тапқан. Кейін оған бірнеше рет сотталған Асылбек Жұбанов және басқа да тұлғалар қосылған. Тергеушілердің дерегінше, Жұбанов сотталғандар арасында беделге ие болып, ұйымдастырушы рөл атқарған.

Сот барысында кейбір айыпталушылар кінәсін ішінара мойындаса, енді бірі айыптаумен келіспеген. Дегенмен сот барлық дәлелдерді саралай келе, олардың ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, аса ірі көлемде алаяқтық жасағанын дәлелденді деп таныды.

Нәтижесінде негізгі айыпталушыларға қосымша 8 жыл жаза тағайындалды. Кейбіріне 3 жылға дейін бостандығын шектеу жазасы берілді. Сонымен қатар сот жәбірленушілердің пайдасына шамамен 400 миллион теңге өндіріп алуды міндеттеді.

Бұл іс аясында қылмыстық-атқару жүйесіндегі бақылау мәселелері де көтерілді. Атап айтқанда, жабық мекемелерге смартфондар мен интернет құрылғыларының қалай кіргені, тексерістер кезінде неге анықталмағаны туралы сұрақтар туындады.

Айта кетейік, үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. Сотталғандар апелляциялық шағым түсіруді жоспарлап отыр.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар