Қостанай облысының Ұзынкөл ауданында учаскелік полиция инспекторы Арман Райымбеков мұз үстінде жеті сағат бойы қалып қойған 75 жастағы зейнеткерді аман алып қалды. Бұл туралы Alash.kz хабарлады.
Оқиға 9 желтоқсан күні Троебрат ауылында болған. Таңертең балық аулауға кеткен Николай Хаврев кешке дейін үйіне оралмаған. Оның қызы бұл туралы учаскелік инспекторға хабар берген.
Аязды ауа райына қарамастан, Арман Райымбеков ауыл тұрғындарымен бірге іздестіру жұмыстарын бастаған. Кейін тұрғындарды қауіпсіздік мақсатында кері қайтарып, іздеуді өзі жалғастырған. Нәтижесінде қария ауыл маңынан ес-түссіз күйде табылған.
Зейнеткер шұғыл түрде медицина қызметкерлеріне тапсырылды. Дәрігерлердің айтуынша, дер кезінде көрсетілген көмек оның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берген. Қазіргі уақытта қария ауруханада ем қабылдап жатыр, жағдайы тұрақты.