Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Сыбайлас жемқорлықтың құрамдас бөлігі…»: Мәсімовтің экс-күйеу баласы күтпеген мәлімдеме жасады

17:45, 21 маусым 2026

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы әрі «ҚазТемірТранс» АҚ басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Азамат Кәпенов «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшылығын транзиттік контейнерлерден ірі көлемде қолма-қол ақша алып, жемқорлықпен айналысады деп айыптады, деп хабарлайды Alash.kz.

Азамат Кәпенов өзінің бұл мәлімдемесін Instagram әлеуметтік желісінде жарияланған видеоүндеуінде білдірді. Ол еліміз арқылы өтетін транзиттік жүк тасымалы көлемінің күрт төмендеуін тікелей осы ұлттық компания ішіндегі заңсыздықтармен байланыстырды. Өз сөзінде ол компанияның қазіргі вице-президенттерінің біріне қатысты ақша жымқыру схемасы бар екенін алға тартты. Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлар әрбір транзиттік вагоннан қолма-қол ақшалай 300 АҚШ доллары көлемінде пара алып отырады. Дегенмен, бұрынғы топ-менеджер өзінің бұл айыптауларына қатысты ешқандай ресми немесе құжаттық дәлелдемелер ұсынған жоқ.

Осы оқиғаға байланысты Азамат Кәпенов өз видеосында былай деп мәлімдеді:

«Неліктен Қазақстан темір жолы транзит көлемін жоғалтып жатыр? Мұның себебі қарапайым – сыбайлас жемқорлық құрамдас бөлігі».

Сонымен қатар, Кәпенов ҚТЖ-ның қазіргі президенті Талғат Алдыбергеновтің қызметіне оң баға беріп, оны толық қолдайтынын жеткізді. Оның пайымдауынша, қазіргі басшының компанияны тығырықтан шығарып, реформалауға және оның қаржылық қиындықтарын шешуге жеткілікті тәжірибесі бар. Осы ретте ол басшыға еркіндік беру қажеттігін айтты.

Бұрынғы шенеунік компанияның болашағына қатысты өз ұсынысын келесідей білдірді:

«Қазақстан темір жолының қазіргі президентіне үш жыл уақыт беріңіздер, ол Қазақстан темір жолын қарыздан құтқарады. Оған кадр мәселесін жеке өзі шешуге құқық беріңіздер. Жағдай лезде түзеледі».

Қазақстан Темір Жолы Ұлттық компания бұл айыптауларды жоққа шығарып, келесідей ресми жауап қатты:

«Қазақстан темір жолы ҰК АҚ айтылған мәлімдемелерге қатысты бұл ақпараттың дәлелдермен расталмағанын хабарлайды. Көрсетілген фактілер бойынша ҚТЖ-да жемқорлық құқық бұзушылықтардың бар екені туралы ақпарат жоқ. Оларды тексеру құқық қорғау органовның құзыретіне жатады».

 

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар