Ғалымдар Жерге барынша ұқсас жаңа экзопланетаны анықтады. Ол Жерден шамамен 49 жарық жылы қашықтықта орналасқан және өмір сүруге қолайлы болуы мүмкін аймақта айналып жүр, деп хабарлайды ғылыми басылымдарға сілтеме жасаған халықаралық БАҚ, деп жазды Alash.kz.
Зерттеушілердің мәліметінше, жаңа ғаламшардың атмосферасы бар. Сонымен қатар ол жұлдызынан сұйық күйдегі судың сақталуына мүмкіндік беретін қашықтықта орналасқан. Осыған байланысты онда су болуы ықтимал деген болжам жасалып отыр.
Әзірге бұл планетада тіршілік бар екені дәлелденген жоқ. Алайда оның сипаттамалары астрономдардың ерекше қызығушылығын туғызуда. Алдағы уақытта жаңа телескоптар арқылы атмосферасының құрамын егжей-тегжейлі зерттеу жоспарланып отыр.
Ғалымдардың айтуынша, мұндай жаңалықтар Күн жүйесінен тыс жерде өмірге қолайлы әлемдерді іздеу бағытындағы маңызды қадамдардың бірі саналады.