Павлодар қаласының оқушысы Айханым Оқасова шетел тілдерін меңгерудің арқасында Астанадан пәтер сатып алды. 17 жастағы мектеп оқушысы бүгінде 9 тілді еркін меңгеріп, онлайн форматта шетел тілдерінен сабақ беріп жүр, деп хабарлайды Alash.kz.
Айханым шет тілдерін өз бетінше үйренуге ерекше мән берген. Ол оқу материалдарын өзі іздеп, бейнесабақтар көріп, кітаптар оқып, үнемі тыңдау және тәжірибе арқылы тілдік дағдыларын дамытқан. Қазір ол әлемнің әр түкпіріндегі адамдарға репетиторлық қызмет көрсетеді.
Оқушының айтуынша, тіл үйренуге деген қызығушылығын анасы оятқан. Алғашында қазақ тілін жетілдіріп, кейін ағылшын тіліне ден қойған. Уақыт өте келе француз әндеріне қызығып, француз тілін меңгере бастаған.
Кейін Павлодар қаласындағы жастар ресурстық орталығында ашылған тегін корей тілі курсына қатысып, иероглифтік жазумен алғаш рет танысқан. Курс аяқталғаннан кейін де ол корей тілін өздігінен жалғастырып оқыған. Бұдан соң араб, қытай тілдерін меңгеріп, қазіргі таңда түрік және неміс тілдерін жақсы деңгейде сөйлей алады.
Айханым шет тілдерін 6-сыныптан бастап жүйелі түрде үйрене бастаған. Ол аударма арқылы тәжірибе жинақтап, бір тілден екінші тілге мәтіндер аударумен жиі айналысқан. Сонымен қатар, интернет арқылы шет ел азаматтарымен тікелей байланыс орнатып, тілдік тәжірибесін жетілдірген.
Қазіргі таңда Айханым 9 тілді меңгеріп, білімін одан әрі толықтыруды жалғастырып келеді. Ол үшін тіл — тек оқу пәні емес, әртүрлі мәдениеттерді танудың және адамдармен еркін қарым-қатынас орнатудың құралы.
Мектеп оқушысы қазір онлайн форматта сабақ беріп, өз тәжірибесі арқылы өзгелерге де шет тілдерін меңгеруге болатынын дәлелдеп жүр. Болашақта ол шетелдің беделді университеттерінің біріне оқуға түсіп, әлемді аралауды мақсат етеді.