Дубай қаласында өткен Ten-Pro Global Junior Tour халықаралық турнирінде қазақстандық жас теннисші 14 жастағы Матвей Пономарев чемпион атанды, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
Қазақстан теннис федерациясының хабарлауынша, турнирге АҚШ, Жапония, Франция және өзге де елдерден келген 42 жас спортшы қатысқан.
Бәсекенің финалында алматылық теннис мектебінің түлегі Матвей Пономарев мысырлық Мохаммед Басарды 6:0, 6:2 есебімен айқын басымдықпен жеңіп, алтын жүлдеге ие болды.
Жас спортшының басты мақсаты — ITF Juniors әлемдік рейтингінің үздік 100 ойыншысы қатарына ену. Осы мақсатта ол халықаралық турнирлерге қатысып, ойын шеберлігін шыңдауды және рейтингтік ұпай жинауды жалғастырмақ.