Сүйіктісіне ұрланған гүл сыйлаған жігіт жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Елордадағы романтикаға толы оқиғаның соңы сәтсіз аяқталды. Гүл сататын дүкен иесі тәртіп сақшыларына жүгініп, гүл шоғының ұрланғаны туралы шағымданған. Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз біреу гүл жеткізушінің Hyundai Elantra көлігінен екі гүл шоғын алып кеткен.
Ұрлық кезінде көлік есігі ашық қалған. Шығын көлемі - 100 мың теңге. Полиция жедел іздестіру шараларының арқасында күдіктіні анықтады. Ол 39 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты.
Ер адам бұл әрекетін толық мойындап, гүлдерді сүйіктісімен татуласу үшін ұрлағанын айтты.
Оның айтуынша, олар ұрысып қалған, ал кешірім сұрау үшін гүл сыйламақ болған, бірақ ақша тапшылығы осындай әрекетке итермелеген. Қазір бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.