Атырау облысы, Сарытоғай ауылының іргесіне жақындаған су тасқыны кезінде тұрғындарға көмектесіп, қап тасыған Пшөн есімді иттің өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.
Halyq Uni порталы бұған қатысты ақпаратты алға тартты:
Облыс полициясы ақпаратына сәйкес, Қылмыстық кодекстің 316-бабы («Жануарларға қатыгездік көрсету») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Қазір болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Естеріңізде болса, бұған дейін итті ветеринария станциясы қызметкерлері атып өлтірген. Бұл жайлы облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы хабарлаған еді.
Басқарманың мәлімдеуінше, 28 қарашада Махамбет аудандық ветеринариялық станцияның ветеринарына тұрғындардың бірі ауласында бөтен үш иттің қараусыз жүргендігін және үйіне кіре алмай тұрғанын хабарлаған.
Оқиға орнына жеткен мамандар иттерге ұйықтатын оқ (дротик) атқан. Екі ит ұйықтатылып, үшіншісі өзенге қарай қашып, белгісіз жағдайда өліп қалған.
Аудандық прокуратура мен полиция қызметкерлері ветеринариялық станция мамандарының әрекетінің заңдылығын тексеріп жатыр. Нәтижесі белгілі болған соң, тиісті шаралар қабылданады, – деп жазды басқарма.