Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Су тасқынында үйсіз қалған отбасылар "Жаңа Қазақстанның" орманында тұрып жатыр. Әкім уәде берумен шектелді

12:23, 05 мамыр 2024 728
14 күннен бері Большая малышка ауылының тұрғындары шатырда тұрып, далада түнеп жүр. Ашық аспан астында от жағып, шай қайнатады. Күнделікті тамақ әзірлейді. Далада дастархан жайып, ас ішеді.Өздерінің осы уақытқа дейін бірде-бір рет әлеуметтік көмек алмағанын айтады, деп хабарлайды Alash.KZ ұлттық порталы. 

Еліміздің солтүстігінде тасқыннан зардап шеккен ондаған отбасы жарты айдан бері орманның ішінде тұрып жатыр. Үйлерін су басқан соң далада шатыр тіккен тұрғындар адам төзгісіз жағдайда өмір сүруге мәжбүр. Бұл жайды 31  арна, Информбюро жаңалықтар қызметі хабарлады. 

Оннан астам отбасы эвакуациялық орталыққа бармай, жайылған малын орман ішінде  бақылап жүр. Өздерінің хабарлауынша, далада өмір сүру оңай емес. Түнде күн суытқан уақытта 5-6 көрпе оранып жатады. Ал жан-жаққа жайылған киім-кешек пен төсек орынды кептіруге қойған. Себебі екі күн бұрын жаңбыр жауып, шатырдың саңылауынан су сорғалаған.

"Тамағымыз таусалған сайын макарон мен картоп әкеліп, азық қыламыз. Дәмдеуіштер мен көкөніс қоспаймыз. Не әлі күнге дейін бір реттік көмек алмадық. Бір тиын ақшамыз жоқ", – дейді Большая малышка ауылының тұрғыны Наталья Черникова. 

Төрт түлікпен жан бағып отырған тұрғындар тасқын санаулы сағатта жарты метрге көтеріліп, ауыл болып сайдан қырға қашқанын айтады. Сондықтан қорадағы малды да толығымен алып шығып үлгермеген. Кейбірінің қой-ешкісі, жылқы мен сиыры жаңа туған төлімен суға кеткен. 

"Екі биені әкетіп үлгердім. Бірақ құлын суда қалды. Үш бұзау мен 7 доңыз да шыға алмай суға кетті. Енді бар малымызды қарап отырмыз. Олардан айырылсақ, жағдайымыз қиын болады", – деді Елена Нещунова. 

Жергілікті билік тұрғындарға уақытша паналау орталығынан орын берілгенін айтты. Бірақ жұрт көрші ауылдағы мектеп тым алыс, малымыз қараусыз қалады деген екен. Шенеуніктер айнала су болғандықтан, жақын жерден орын тауып бере алмайтынын ашық айтты. 

"Тұрғындар ауылдан алысқа кетпейміз деп, осында қалды. Көбі ауылдағы шаруа қожалығында жұмыс істейді. Ал бірреттік төлем мәселесін шешуге көмектесемін. Жақын күндері қолына алады", – деп уәде берді Березов ауылдық округінің әкімі Владимир Рудер.

Большая Малышка ауылында 321 үйді су басқан. Топан су кезінде балалар ойнайтын алаң мен жаңа асфальт та толық бүлінген. Жалпы солтүстікте әлі күнге дейін үш мыңға жуық үй тасқын судың ортасында тұр.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар