Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданы, Ступинка ауылындағы жеке тұрғын үй өртенді. Жан-жағын жайпаған жалынның салдарынан 16 жастағы жасөспірім бүкіл отбасынан айырылды, деп хабарлайды Alash.kz.
"Өрт сөндірушілер келген кезде үй толығымен өртке оранған, соның салдарынан шатыр мен төбе құлаған. Өртті сөндіру барысында оқиға орнынан екі ересек адам мен үш баланың денелері табылды, олардың жеке басы анықталып жатыр", - делінген СҚО ТЖД хабарламасында.
Сонымен қатар, қазір өрттің себебі анықталып жатыр.
"СҚО ТЖД басшысы Асқаров Ж.С. оқиға орнында. Сондай-ақ тергеушілер мен ТЖД-ның зерттеу сынақтық өрт зертханасы жұмыс істеп, өрттің себептері анықталып жатыр.
Оқиға болған жерге СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың тапсырмасы бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов барды. Облыс әкімдігі жерлеу рәсімін ұйымдастыру мен өткізуге қажетті барлық көмекті көрсететін болады", - деді СҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Жасөспірім балаға психологиялық көмек көрсетіліп жатыр, алдағы уақытта үй беру мәселесі қарастырылмақ:
"Кәмелетке толмаған студентке колледж жатақханасында тегін тұру мүмкіндігі беріледі. Оған қажетті барлық психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Сондай-ақ, материалдық көмек көрсету және оқу ақысын төлеу мәселесі шешіледі. Алдағы уақытта тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі қарастырылады. Жақын туыстарына қамқоршылық ресімдеу мәселесі ерекше бақылауда болады", - деді әкімдікте.
Tengrinews.kz мәліметінше, үйде көпбалалы отбасы тұрған. 40 жастағы ер адам бес баланы жалғыз тәрбиелеген. Оның әйелі 2017 жылы қайтыс болған.