Солтүстік Қазақстанда дәрігерлер тұншығып, клиникалық өлімге түскен ер адамды аман алып қалды, деп хабарлайды ALASH.KZ.
Солтүстік Қазақстан облысында жедел жәрдем қызметкерлері тыныс жолына чечил ірімшігі тұрып қалып, клиникалық өлім жағдайына түскен 50 жастағы ер адамның өмірін сақтап қалды.
Облыстық жедел медициналық жәрдем орталығының мәліметінше, 103 қызметіне Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылынан «ер адам тұншығып жатыр» деген шақырту түскен.
Оқиға орнына фельдшерлер Айдар Омаров пен Павел Кузурман және жүргізуші Бақыт Валеевтен құралған бригада жедел жеткен. Алайда олар келген кезде науқас клиникалық өлім жағдайында болған. Электрокардиограммада жүрек соғысы тіркелмеген.
Медицина қызметкерлері бірден ACLS халықаралық хаттамасына сәйкес жүрек-өкпе реанимациясын бастап, жүрекке жанама массаж жасады, өкпені жасанды желдету аппаратына қосты және көктамыр арқылы адреналин енгізді.
Тікелей ларингоскопия кезінде фельдшерлер науқастың тыныс жолынан бөгде затты – чечил ірімшігін алып шыққан. Осыдан кейін ұйқы артериясынан тамыр соғысы қалпына келгенімен, науқас өздігінен тыныс ала алмаған және есін жимаған.
Дәрігерлер реанимациядан кейінгі ем-шараларды жалғастырып, интубациялық түтік арқылы тыныс жолдарының өткізгіштігін қамтамасыз етті, өкпені жасанды желдетуді әрі қарай жүргізіп, қажетті дәрі-дәрмектерді енгізген. Медициналық көмектің арқасында ер адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік туды.