Танымал тележүргізуші Анна Данченко өзіне ауыр сөз жазған оқырманына жауап берді, деп хабарлайды Alash.kz.
Журналист бұл туралы Instagram желісіндегі парақшасында жазды.
«Мен, негізі, өз жөнімен, тыныш жүрген адаммын. Ешкімге жамандығым жоқ. Ешкімнің ала жібін аттаған емеспін, алдын кесіп, алдап-арбап, сатқындық жасап жүрген жоқпын. Шүкір.
Қазақтың салт-дәстүрін ұстанып, бойыма сол дәстүрді сіңіріп өскен қарапайым ауылдың қызымын. “Үлкенге — құрмет, кішіге — ізет” деп, елдің батасын алып жүрген Аннамын ғой. Ата-анамды қалай құрметтесем, айналамдағы адамдардың да қадір-қасиетін бағалап, сыйлап жүремін.
Бірақ, Ақжаулықты “Алтын әженің” бұл пікірі жаныма қатты батты. Анамның менің парақшамды қарап, барлық пікірді оқитынын ескерсем, сол кісіге де ұнамасы анық…
Халық алдында жүрген соң ұзын етегімді қысқартпай, жаман әдетке жол бермей, түзу жүріп, мені аялап, мәпелеп өсірген Ата-анамды жерге қаратпайын деп өзгені емес, өзімді күнделікті тәрбиелеп келемін.
Оқуға түссем де өзім, жұмысқа тұрсам да өзім. Ешкімнің алдына барып, табалдырығын тоздыран емеспін. Тек үлкендердің батасымен, көптің қолдауымен, өз күшіммен еңбектеніп жүрген адаммын. Әрине, көптің алдында есеп беруге міндетті емеспін. Мен адамның емес, тек Алланың алдында жауап беруге тиіспін. Ақыретте пенде сұралатын 5 нәрсе барын ұмытпайық», — деп жазды ол.