Ақтөбе қаласының тұрғыны, үш баланың анасы Ақмарал Ресей Федерациясына нәпақа табуға кеткен тұңғыш ұлымен байланыс үзіліп, хабар-ошарсыз кеткенін айтып, көмек сұрауда, деп хабарлайды Alash.kz.
Оның сөзінше, ұлы бастапқыда жұмыс іздеу мақсатымен Астана қаласына аттанған. Көп ұзамай желі арқылы жұмыс тауып, анасына ескертпестен көрші елге жүріп кеткен.
Жоғалған жігіттің анасы оқиғаның мән-жайын былай деп еске алады:
«Балам 1 қыркүйекте жолға шыққан. Кейін білгенім, әр облыстан жігіттерді жинап, шекарадан заңсыз өткізген көрінеді. Бірақ оның анық-қанығын білмеймін. Қыркүйектің 3-і немесе 4-і күні балам хабарласып, Мәскеуге аман-есен жеткенін айтты. “Мама, менде бәрі жақсы. Ештеңеге уайымдамаңыз. Шұжық шығаратын цехта жұмыс істеп жатырмын” деді».
Ұлының бұл әрекетіне әу баста-ақ қарсы болған Ақмарал көрші елдегі қарулы қақтығыстардан қорқып, оны райынан қайтаруға тырысқан екен.
«Баламнан “Неге ол жаққа бардың? Соғыс болып жатқанын білесің ғой” деп жылап сұрадым. Сонда ол: “Мама, бәрі жақсы болады. Уайымдамаңызшы. Кредиттің бәрін жабамын. Тұрмысымыз жақсарады. Үйленемін, үйлі-күйлі боламыз” деді. Баламның сөзіне сендім. Жамандық ойламадым», — дейді ол.
Соңғы байланыс кезінде жігіт ұялы телефонының зақымданғанын айтқан.
«Телефоным сынып қалды деді. Оның рас-өтірігін білмеймін. Содан кейін баламнан хабар болмай кетті», — деп толықтырды анасы.
Қазіргі уақытта ақтөбелік жігіттің нақты қай жерде екені және қандай жағдайда жүргені беймәлім болып отыр. Үміті мен күдігі арпалысқан ана перзентінің амандығын тілеп, сарыла күтуде.