Давоста өткен экономикалық форум аясында Украина президенті Владимир Зеленский мен АҚШ президенті Дональд Трамптың кезекті кездесуі өтті, деп хабарлайды Alash.kz.
Келіссөздер барысында Киевке берілетін қауіпсіздік кепілдіктерінің шарттары толық мақұлданғанымен, аумақтық тұтастыққа қатысты түйткілді мәселе әлі де ашық күйінде қалып отыр.
Украина басшысы бұл қадамды бейбітшілік орнату жолындағы ілгерілеудің оң нышаны деп бағалады. Сондай-ақ тараптар соғыстан кейінгі экономикалық қалпына келтіру жоспарын талқылап, оның дайын болуға жақын екенін атап өтті. Жұма және сенбі күндері Абу-Дабиде Ресей, Украина және АҚШ өкілдерінің қатысуымен алғашқы үшжақты кездесулер өтеді деп жоспарлануда.
Ақ үй басшысы Дональд Трамп келіссөздердің барысына оң баға беріп, америкалық делегацияның Мәскеуге аттанғанын мәлімдеді.
«Меніңше, президент Зеленскиймен кездесу жақсы өтті. Бұл - жалғасып жатқан процесс. Соғыс аяқталуы тиіс», - деді Дональд Трамп журналистерге берген сұхбатында.
Зеленский бұған дейін АҚШ-пен қауіпсіздік кепілдігі мен қаржыландыру мәселелері шешілмесе, Давосқа бармайтынын айтқан болатын. Қазіргі келісімдер Киев үшін Мәскеудің мүддесіне басымдық беретін бұрынғы бейбіт жоспарларды алмастырудың маңызды құралы болып отыр.