Қазақстандық имам Тимур Әлиев әлеуметтік желі қолданушыларына үндеу жасап, өзге адамдардың келісімінсіз жеке хат-хабарлардың скриншотын таратуға болмайтынын айтты. Бұл туралы Alash.kz хабарлайды.
Дін өкілі Instagram парақшасында жеке хат алмасуды жариялау ислам талаптарына да, жалпы адамзаттық әдеп нормаларына да қайшы екенін атап өтті. Оның айтуынша, Құранда сыртқы белгілерге қатысты даулардан гөрі, аманатқа адал болу, әділдік сақтау және сатқындыққа жол бермеу мәселелеріне ерекше мән беріледі.
Имамның сөзінше, оған жиі жағдайда басқа адамдардың жеке хаттарының скриншоттары жолданады. Көп жағдайда әлеуметтік желі қолданушылары бір уағызшыдан немесе ұстаздан кеңес алып, кейін сол жауапты үшінші тұлғаларға жіберіп, өзге пікір сұрайды.
Тимур Әлиев мұндай әрекеттің шариғат тұрғысынан тыйым салынғанын айтып, егер адам өз хабарламасын таратуға рұқсат бермесе, оны жариялау сатқындық болып саналатынын ескертті. Ол кеңес сұраған адам жауапты қабылдауы немесе басқа пікір қажет болса, оны бөлек сұрауы тиіс екенін жеткізді.
Сонымен қатар имам бұл әрекеттердің діни талаптарға ғана емес, жалпы мәдениет пен этика нормаларына да сай келмейтінін атап өтті.