Қазақстанның Халық әртісі, Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның (IOM) Жаһандық ізгі ниет елшісі Димаш Құдайберген әлемдегі ең үлкен босқындар лагеріне жасаған сапарынан кейін әлеуметтік желідегі парақшасына бейнежазба жариялады, деп хабарлайды Alash.kz.
Өнер иесі Бангладештегі Кокс-Базар елді мекенінде орналасқан босқындар лагеріне барып, қиын жағдайда өмір сүріп жатқан отбасылардың тыныс-тіршілігімен жақын танысқан. Халықаралық ұйымның ресми парақшасында бұл сапарға қатысты арнайы үндеу жарияланды.
«Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның (IOM) Жаһандық ізгі ниет елшісі Димаш Құдайберген әлемдегі ең үлкен босқындар лагері — Кокс-Базарға барғаннан кейін мәлімдеме жасады. Онда ол тамақ, дәрі-дәрмек пен балаларының мұқтаждықтары арасында күнделікті ауыр таңдау жасауға мәжбүр болып отырған отбасылармен кездесті. Сіздің қолдауыңыз көмектесе алады. Бүгін үлес қосыңыз», — делінген ұйымның ресми хабарламасында.