Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина өз мансабында алғаш рет Australian Open турнирінің жеңімпазы атанды. Финалда ол әлемнің бірінші ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенконы үш сетте жеңіп, тарихи жетістікке қол жеткізді. Бұл туралы 1bol.kz хабарлады, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
Шешуші кездесуде Рыбакина қарсыласын 6:4, 4:6, 6:4 есебімен тізе бүктірді.
Марапаттау рәсімінде чемпион ойыннан кейінгі әсерімен бөлісіп, алдымен қарсыласына құрмет көрсетті.
Қазір сөз табу қиын. Бірақ мен, әрине, Аринаны соңғы екі жылдағы тамаша нәтижелерімен құттықтағым келеді. Мұндай сәтте жеңілісті қабылдау оңай емес екенін білемін. Дегенмен біз алдағы уақытта да талай финалда бірге ойнаймыз деп үміттенемін. Әрине, сенің командаңды да құттықтаймын. Сендердің үлкен еңбек еткендерің көрініп тұр, — деді Рыбакина.
Сондай-ақ ол қазақстандық жанкүйерлерге ерекше алғыс айтып, финалға арнайы келген Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратовқа ризашылығын білдірді.
Осындай керемет атмосфера сыйлағандарыңыз үшін баршаңызға көп рақмет! Бұл нағыз шайқас болды. Шыны керек, сіздердің қолдауларыңыз бізге берілмеуге күш береді. Қазақстанға үлкен алғысымды айтамын! Сол жақ бұрыштағы жанкүйерлердің қолдауын анық сезіндім. Бүгін Қазақстан спортшылары маңызды матчтарда ойнады. Турнир ұйымдастырушыларына да алғыс айтамын, — деді чемпион.
Елена жеңісіне үлес қосқан командасын да атап өтті.
Әрине, өз командама да ризамын. Сендер болмасаңдар, бұл мүмкін болмас еді. Біз көптеген қиындықтан өттік. Бірақ бүгін сол еңбектің нәтижесін көріп тұрмыз. Осы жылы да дәл осы қарқынмен жалғастыра аламыз деп сенемін, — деп түйіндеді Рыбакина.