Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында Үкімет бюджет қаражатын тиімді пайдалану және негізсіз төлемдердің алдын алу үшін цифрлық бақылау тетіктерін енгізіп жатыр.
Алғашқы нәтижелер де бар. 2026 жылдың бірінші жартысында МӘМС жүйесіндегі антифрод-тетіктер төлем жасалғанға дейін 4 млрд теңгеден астам сәйкессіздікті анықтады. Ал жекеменшік мектептерді қаржыландыруды цифрландыру арқылы 2025 жылдың қыркүйек-желтоқсан айларында 8 млрд теңге үнемделді.
МӘМС жүйесінде жаңа бақылау енгізілді
2026 жылдың қаңтарында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Қаржы министрлігінің қарамағына беріліп, ақпан айынан бастап жүйені реформалау басталды. Негізгі өзгеріс – қаражат аударылғаннан кейін емес, төлем жасалғанға дейін заңбұзушылықтарды анықтау.
Астанада медициналық қызметтерді төлеуге арналған Qalqan платформасы пилоттық режимде іске қосылды. Қазір жүйе 207 клиникада қолданылып, 20 қызмет түрі бойынша төлем жүргізілуде, тағы 60 қызмет сынақтан өтіп жатыр.
Пациенттер үшін де бақылау мүмкіндігі кеңейеді. Қазір медициналық ұйымға барғанын eGov Mobile арқылы QR-кодпен растауға болады. Кейін азаматтарға көрсетілген және мемлекет төлеген медициналық қызметтерді көруге мүмкіндік беретін электрондық қаржылық паспорт енгізіледі.
Жекеменшік мектептердегі қаржыландыру цифрланды
2025 жылы іске қосылған OrtaBilim сервисі жекеменшік мектептерге мемлекеттік тапсырысты есептеуді автоматтандырды. Жүйе e-Qazyna және басқа мемлекеттік дерекқорлармен біріктіріліп, оқушылар саны мен көрсетілген қызметтер туралы мәліметтерді автоматты түрде тексереді.
Қазір платформада 899 жекеменшік мектеп цифрландырылған. Сонымен қатар білім беру мақсатына арналмаған ғимараттарда орналасқан 145 мектеп анықталды. Оларға бөлінетін мемлекеттік тапсырыс көлемі 38 млрд теңге.
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап талапқа сай емес ғимараттарда орналасқан мектептерге мемлекеттік білім беру тапсырысы тоқтатылады.
Жалпы, жүргізіліп жатқан реформалардың мақсаты – бюджет қаржысын формалды көрсеткіштерге емес, нақты көрсетілген қызмет пен нәтижеге бағыттау. Цифрлық жүйелер негізсіз шығындарды ерте анықтап, мемлекеттік қаражатты тиімді әрі ашық пайдалануға мүмкіндік береді.