Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Шыңғырған дауысы естілді»: Астанадағы 15 қабаттан секірген әйел туралы куәгерлер сұмдық жайтты айтты (ВИДЕО)

12:24, 15 қыркүйек 2026

Астанада 27 жастағы әйел 15-қабаттан құлап, төменде арбада отырған 2 жасар баланың үстіне түскен, деп хабарлайды Alash.kz «Информбюро» бағдарламасы дерегіне сілтеме жасап.

Салдарынан екеуі де оқиға орнында көз жұмды. Қайғылы жағдай орын алған үйдің тұрғындары сол сәтте не көріп, не естігендерін айтып берді.

Оқиға орын алған сәтте тұрғындардың бірі Кенжекүл үйінде баланы жұбатып отырған.

«Мына баланы жұбатып отырғанмын. Қызым үй жинап жатқан. Бір уақытта «ааа» деп шыңғырған әйел адамның дауысы естілді. Бірақ енді қатты үлкен емес, қыздың ба, келіншектің бе дауысы. Мен оны мән беріп, бүйтіп ойлаған жоқпын. Содан кейін бір уақыттан кейін қызым жүгіріп барып, ойбай мама, мына жақта авария болды ма деп терезеге қарады», — дейді Астана тұрғыны Кенжекүл.

Сол сәтте төменде үлкен баласын үйірмеге қалдырып, кішісін арбаға салған ана кетіп бара жатқан. Ол күнде жүретін жолындағы қоқысқа еңкейіп, басын көтергенше, биіктен құлаған әйел баласының арбасына түскен.

Үйдің тағы бір тұрғыны Әсел Пернеханова бұл оқиғаның қаншалықты ауыр тигенін жеткізді.

«Біз басында сәбидің көз жұмғанын естіген жоқпыз. Кейін көршілер чатқа жазғанда ғана білдік. Өте ауыр қайғы. Ал секірген әйел жалғыз тұратын секілді. Қасында ешкім болмаған. Қайғылы оқиғадан соң да мұнда ешкім келмеді», — деді Әсел Пернеханова.

Әлеуметтік желіде әйелдің тәулікке жалдамалы пәтерге келген сәті түсірілген бейнежазба тараған. Кадрда оның таңғы сағат 4:36-да бірнеше ауыр сөмкені ішке тасып жүргені көрінеді.

Мүлік иелері бірлестігінің (МИБ) төрағасы Елдар Қасенов әйелдің таңертең сағат 6:30 шамасында дүкенге барып келгенін, содан кейін пәтерден шықпағанын растады.

«Ол кісі суточно арендовать еткен. Біздің білгенімізше. Камерадан қарадық. Жалғыз өзі болды. Ешкім кірген жоқ. Ал не болғанын, қалай болғаны ол белгісіз. 10-нан жиырма кеткенде. Бірінші мына осы көрші үйдің кісілері видеоға түсіріп алған подоконникте отырғанын түсіріп алғанда, содан кейін ештеңе үлгермей қалған», — дейді Елдар Қасенов.

Қазір оқиға орнында қан іздері қалған. Әйелдің бұл әрекетке не себепті барғаны әлі белгісіз. Полиция департаменті қылмыстық іс қозғап, тергеушілер оқиғаның толық мән-жайын анықтау үшін тиісті тексерулер жүргізіп жатыр.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар