Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Шымкенттегі психикалық ауруханада науқас қыздарды зорлап, екіқабат қылды деген қызметкерлерге үкім шықты

19:10, 10 маусым 2025 500

Шымкенттегі "Психикалық денсаулық орталығында" емделіп жатқан екі қызды зорлады деген айып тағылған қызметкерлерге қатысты үкім шықты, деп хабарлайды Alash.KZ порталы қалалық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, екі сотталушыға қатысты іс қызметтік міндетін орындау кезінде кәмелетке толмаған адамды зорлау (Қылмыстық кодекстің 120-бабы 3-1-бөлігінің 1) тармағы) дерегі бойынша жабық сот отырысында қаралды.

Іс материалдары бойынша сотталушылар Түркістан облыстық "Психикалық денсаулық орталығының" №3 әйелдер бөлімшесінде санитар-бақылаушы болып жұмыс істеген.

"Олар қызметтік міндетін атқару барысында 2024 жылы шілде айының ортасында түнгі сағат 00:00 шамасында орталықта емделіп жатқан науқастар Б. және сол кезде кәмелетке толмаған өзінің іс-әрекетіне жауап бере алмайтын Қ.-ны бөлімшенің теледидар көретін бөлмесінде және аулаға шығатын баспалдақтың алаңшасында дәрменсіз күйін пайдаланып еркінен тыс бірнеше рет зорлаған", - делінген сот хабарламасында.

Прокурор сотталушылардың әрқайсысын 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады.

Жәбірленушілер мен олардың өкілдері және адвокаттары қатаң жаза тағайындауды сұрады. Ал, сотталушылар қылмыстық әрекеттер дәлелденбеуіне байланысты өздерін ақтауды сұрады.

Сотталушылар Қылмыстық кодекстің 120-бабы 3-1-бөлігінің 1) тармағымен кінәлі деп танылып, оларға педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, әрқайсысына 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Жәбірленушілер Б. мен Қ.-ның пайдасына әрқайсысына 10 млн. теңгеден моральдық зиян өндірілді. Сонымен қатар жәбірленуші Б.-ның пайдасына адвокат қызметіне төленген 600 мың теңге өндірілді.

Үкім заңды күшіне енбеген.

Еске сала кетейік, бір жыл бұрын Түркістан облысының тұрғыны шизофрения дертіне шалдыққан қызын психикалық денсаулық орталығына емделуге жіберген, алайда ол жерден жүкті болып келгенін айтқан еді. Кейін аталған жайт бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар