Атырау облысында аңшылық кезінде жоғалып кеткен 61 жастағы Өтебай Сабировты іздеу жұмыстары төртінші тәулік бойы жалғасып жатыр. Ол 14 желтоқсанда Жылыой ауданында хабар-ошарсыз кеткен, деп хабарлайды Alash.kz.
Марқұммен бірге аңшылыққа шыққан серіктерінің айтуынша, олар екі көлікпен Сабировқа тиесілі «Нива» және бір жолдасының УАЗ көлігімен шыққан. Жол үстінде УАЗ істен шығып, барлығы «Ниваға» отырып, қосалқы бөлшектер алу үшін Доссор кентіне барған. Кейін аңшылық аймағына қайта оралып, бұзылған көлікті жөндеуге кіріскен.
Түстен кейін Өтебай Сабиров мылтығын алып, жалғыз өзі аң аулауға кеткен. Ұялы телефоны көліктің артқы орындығында қалғаны айтылды. Серіктері кешке қарай Атырау қаласына Сабировтың көлігімен оралғанымен, оның жоғалғаны туралы құқық қорғау органдарына тек келесі күні, 15 желтоқсан кешке хабар берген.
Жоғалған азаматтың қызы серіктерінің түсіндірмелері бір-біріне сәйкес келмейтінін айтып, айтылған мәліметтерге күмән келтірді. Туыстары бұл оқиғада беймәлім жайттар бар деп есептейді.
Қазіргі таңда іздеу жұмыстарына полиция, Төтенше жағдайлар қызметі және еріктілер тартылған. Арнайы техника, дрондар мен тікұшақ пайдаланылуда. 16 желтоқсанда Ботахан кен орнына жақын маңнан, шамамен 30 шақырым қашықтықта жалғыз тұрған УАЗ автокөлігі анықталған.