Ирактың солтүстігінде орналасқан “Күрдістан жұмысшы партиясының” жасақтары ресми түрде қаруларын тастай бастады, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.
Бүгін төрт командир бастаған 30 сарбаз тау шатқалдарынан шығып, өз еркімен беріліп, қаруларын отқа өртеді. Ұйым өкілдері бұл процеске өзге бөлімшелер де қосылатынын мәлімдеді.
Бұл тарихи қадам ұйым басшысы Абдулла Оджаланның түрмеден жасаған үндеуінен кейін жүзеге асып отыр. Ол жақтастарын қарулы күресті тоқтатуға шақырған. Ал биыл мамырда өткен съезде Күрдтердің жұмысшы партиясы ұйым ретінде таратылатыны туралы шешім жарияланған еді.
Ұйым мүшелері өз мәлімдемесінде бұл шешімнің Таяу Шығыс халқына, соның ішінде жастар мен әйелдерге, сондай-ақ бүкіл адамзатқа пайдалы боларына үміт артатынын жеткізді. Олар халықаралық қауымдастықты күрд халқының заңды құқықтарын мойындап, бейбіт диалогты қолдауға шақырды.
Осылайша, Түркия мен күрдтер арасындағы 40 жылдан астам уақытқа созылған қарулы қақтығыстың аяқталар сәті келіп жетті. Бұл қадам Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған үшін сыртқы және ішкі аренада елеулі саяси жеңіс ретінде бағалануда.