Ақмола облысындағы Біржан сал ауданына қарасты Кенащы ауылының 31 жастағы тұрғыны Айжалғас Гарифоллаұлы Қайруллиновты іздеу жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды Alash.kz.
Ер адам осыдан шамамен 2,5 ай бұрын кешкі уақытта үйінен шығып кетіп, содан бері хабар-ошарсыз қалған.
Қазіргі таңда іздестіру шараларына облыстық және аудандық полиция қызметкерлері, Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары, еріктілер мен ауыл тұрғындары жұмылдырылды. Мамандар Кенащы, Ақбұлақ, Заозерное және Қазанқап ауылдарының айналасын, орманды алқаптар мен жетуі қиын аймақтарды мұқият тексеріп жатыр. Бұл жұмыстарға дрон (ұшқышсыз ұшу аппараттары), арнайы үйретілген иттер мен жол талғамайтын көліктер тартылды.
Су айдындары мен жағалау аймақтарын тексеру үшін сүңгуірлер жұмыс істеп, арнайы техникалар қолданылуда. Сонымен қатар, елді мекендердегі қараусыз қалған нысандар мен құдықтар да қаралып жатыр. Тергеушілер Айжалғасты соңғы рет көрген адамдар мен оның таныстарынан жауап алып, барлық болжамдарды тексеруде.
Жоғалған азамат туралы ақпарат өзге облыстардың полиция департаменттеріне жіберіліп, әлеуметтік желілерде кеңінен таратылды. Құқық қорғау органдары тұрғындардан қандай да бір дерек білген жағдайда хабарлауды сұрайды және тек ресми мәліметтерге сүйеніп, жалған ақпарат таратпауға шақырады.