Алматы облысында кезінде марқұм Болат Назарбаевтың ықпалында болған ірі сауда орталығы “Барыс” базары мемлекет меншігіне өтпек. Бұл туралы Alash.kz ұлттық порталы хабарлады, Todayinfo.kz дерегіне сілтеме жасап.
Қарасай ауданындағы 36 гектар жерді мемлекетке қайтару мақсатында қазір сот процестері жүріп жатыр. Бұрын бұл аумақта автокөлік саудасы қызу жүрген еді.
Облыс басшысы Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, аталған жер телімдері әр жылдары түрлі жеке тұлғаларға беріліп кеткен. Енді билік бұл аумақты қайта мемлекет меншігіне өткізіп, өнеркәсіптік-индустриялық аймақ ретінде дамытуды жоспарлап отыр.
“Бұл базар қаланың маңызды тұсында орналасқан. Қазір оның меншігі бірнеше адамға бөлініп кеткен. Егер сот шешімі біздің пайдамызға шықса, бұл жерге өндіріс орындарын шоғырландырамыз. Нақты мақсатымыз - жұмыс орындарын көбейту. Себебі бұл өңірде халық тығыз орналасқан” деді облыс әкімі.
“Барыс” базары Алматы-Бішкек тас жолының бойында орналасқан. Бұған дейін оның бір бөлігін мемлекет меншігіне қайтару жүзеге асқанымен, базар толықтай жұмысын тоқтатқан жоқ.