Бұрынғы депутат Бақыт Сыздықова әлеуметтік желідегі парақшасында Сара Алпысқызы Назарбаева 85 жасқа толуына орай құттықтау жазбасын жариялады. Бұл туралы Alash.kz ұлттық порталы хабарлады.
Сыздықова өз жазбасында Сара Алпысқызын ұстазы ретінде құрметтейтінін айтып, онымен алты жыл бірге жұмыс істегенін еске алды. Оның сөзінше, сол кезеңде көптеген қайырымдылық бастамалар жүзеге асқан.
Сондай-ақ ол «шетелге бала сатты» деген айыптауларға қатысты пікір білдіріп, «Бөбек» қорының бала асырап алу үдерісіне қатысы болмағанын атап өтті. Айтуынша, мұндай мәселелер заңға сәйкес жергілікті атқарушы органдар, білім басқармалары, ал шетел азаматтарына қатысты жағдайда тиісті мемлекеттік органдар арқылы шешіледі.
Сыздықова «Бөбек қоры» көптеген қайырымдылық жобаларды жүзеге асырып, балаларға көмек көрсеткенін жеткізді. Ол сондай-ақ Сара Алпысқызының еңбекқорлығы мен қарапайымдылығын ерекше атап өтті.
Жазба соңында Бақыт Сыздықова Сара Алпысқызының жағдайы жақсы екенін және оған ізгі тілегін жолдады.