Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Шемішке қабығы мен темір бөлшегі шыққан»: Ақтауда 11 айлық нәрестенің өкпесіне күрделі ота жасады (ФОТО)

14:02, 08 ақпан 2026

Маңғыстау облысында дәрігерлер 11 айлық сәбидің тыныс алу жолдарынан бөгде заттарды алып шығу бойынша күрделі ота жасады, деп жазады Alash.kz. 

Бұл оқиға туралы мәліметті проктолог-эндоскопист Әйгерім Бекмұханбетова әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Маманның айтуынша, науқас бала жөтел белгілерімен балалар ауруханасына келіп түскен, оған дейін төрт ай бойы «бронхиалды астма» диагнозымен медициналық бақылауда болған.

Сәбидің жағдайы кенеттен нашарлап, тыныс алуының қиындауына байланысты ауруханаға жатқызу туралы шешім қабылданған. Аурухананың қабылдау бөлімінде жүргізілген рентгендік зерттеу баланың өкпесінде жат дене бар екенін анықтады. Кейіннен эндоскопист мамандар бронхоскопия әдісі арқылы өкпеден темір бөлшегін және күнбағыс дәнегінің қабығын(шемішке қалдығы) тауып, оларды сәтті алып шықты.


Дереккөз: Lada.kz

Дәрігердің түсіндіруінше, өкпеге түскен темір бөлшегі ұзақ уақыт бойы бронхиалды астманың клиникалық көріністерін беріп, нақты жағдайды бүркемелеп келген. Егер бала күнбағыс дәнегінің қабығына шашалып, жағдайы күрт қиындамағанда, қате диагноз бойынша нәтижесіз емдеу шаралары жалғаса беруі мүмкін еді. Отадан кейін баланың жөтелі толық тоқтаған.

Бұл клиникалық жағдай туралы ақпаратты Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының дәрігері Роллан Елеусинов ұсынған. Сонымен қатар аталған өңірде 2024 жылы да ұқсас оқиға тіркелгені белгілі болды. Ол кезде Қарақия ауданының Болашақ ауылында 11 айлық баланың өңешіне тұрып қалған есік тұтқасының сынығын дәрігерлер катетер көмегімен шығарып алған болатын.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар