Шалқардың екі ауданының жастары арасындағы жанжал адам өліміне әкелді. 17 жастағы Алихан Жәнібек жастардың кездесуі кезінде кеуде тұсынан пышақ жарақатын алып, көз жұмған, деп жазды Alash.kz.
Сот Орал қаласындағы жоғары оқу орнының бірінші курс студентін 9 жылға бас бостандығынан айырды. Сотталушы өз кінәсін мойындамай, өзін қорғау мақсатында әрекет еткенін айтқан.
Марқұмның ата-анасы оған 20 жыл жаза тағайындауды сұраса, прокурор 8 жыл бас бостандығынан айыруды өтінген. Сот қылмыс жасалған кезде сотталушының кәмелетке толмағанын ескеріп, 9 жыл жаза тағайындады.
Сонымен қатар сотталған азамат марқұмның ата-анасына моральдық зиян үшін 15 миллион теңгеден төлеуге, сондай-ақ материалдық шығын мен адвокат қызметіне кеткен қаражатты өтеуге міндеттелді.
Сот полицияның атына да жеке ұйғарым шығарды. Іс барысында Шалқарда жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмегені анықталған.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.