Қазақстандық аңыз боксшы, World Boxing ұйымының президенті Геннадий Головкин Сауд Арабиясына жасаған сапары барысында әлем футболының жұлдызы, «Әл-Наср» клубының шабуылшысы Криштиану Роналдумен кездесті, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
Желіде жарияланған видеодан екі спорт аңызының жылы жүздескенін көруге болады. Кездесуде GGG португалиялық футболшыны Сауд Арабиясы чемпионатындағы кезекті ойында жасаған дублімен құттықтады. Ал Роналду өз кезегінде Головкинмен жүздескеніне қуанышты екенін айтып, жылы лебізін білдірді.
Әңгіме барысында «Сені көргеніме қуаныштымын, бауырым», деп Геннадий Головкинді Криштиану Роналду құшақ жая қарсы алды. Футболшы GGG-ден мұнда қандай мақсатпен жүргенін және әлі де бокспен айналысып жүр ме деп сұрады.
Геннадий Головкин келесі жылы тағы бір жекпе-жек өткізуі мүмкін екенін айтып қалды. Бұл мәлімдеме жанкүйерлер арасында үлкен қызығушылық тудырды.
43 жастағы боксшы мансабын ресми түрде аяқтаған жоқ және егер қызықты ұсыныс түссе, рингке қайта оралуға дайын екенін бұған дейін де мәлімдеген.
Айта кетейік, кездесу Эр-Рияд қаласында өтті. Головкин мұнда ірі бокс кешін тамашалау үшін келген. Аталған кештің басты жекпе-жегінде жапониялық Наоя Иноуэ мексикалық Давид Пикассоны жеңген болатын.
Еске салсақ, Геннадий Головкин мен Криштиану Роналду бұған дейін, 2020 жылы, DAZN платформасының бір жобасына бірге қатысқан еді.