Шешенстан басшысының көмекшісі әрі республиканың Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, 18 жастағы Адам Қадыров Украина президенті Владимир Зеленскийдің соңғы мәлімдемелеріне жауап қатты. Ол әлеуметтік желідегі жазбасында украин көшбасшысын күшпен ұстап әкету мүмкін екенңн меңзеп, бұл әрекетті АҚШ-тың Венесуэла президенті Николас Мадуроға қарсы жүргізген операциясымен салыстырды, деп хабарлайды Alash.kz.
Бұл туралы «Шешен Республикасының жаңалықтары» деген ресми басылым жазды.
«Егер Жоғарғы бас қолбасшы Владимир Владимирович Путин немесе әкем бір ауыз сөз айтса, біз сені қай жерден болса да табамыз — бұл тек уақыттың мәселесі. Біз операцияны жарияламаймыз. Жай ғана келіп, алып кетеміз», — деп келтіреді басылым Адам Қадыровтың сөзін.
Оның айтуынша, Владимир Зеленский Грозный қаласына мемлекет басшысы ретінде емес, «әскери қылмыскер» есебінде жеткізілуі мүмкін.
Адам Қадыровтың бұл мәлімдемесі Украина президентінің АҚШ-тың бұрынғы басшысы Дональд Трампқа жасаған үндеуінен кейін жарияланған. Бұған дейін Владимир Зеленский Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровқа қысым көрсету қажеттігін айтып, мысал ретінде Николас Мадуроның америкалық арнайы қызметтер тарапынан ұсталуын келтірген болатын.
«Ресейге қысым жасайтын тетіктерді табу керек. Мадуроға қатысты операция — соның айқын мысалы. Барлығы жылдам өтті, нәтижесін бүкіл әлем көрді. Сол секілді Кадыровқа да бір шара қолданса, бәлкім, Путин ойланар», — деген еді Зеленский.
Айта кетейік, бұған дейін Беларусь президенті Александр Лукашенко Николас Мадуроны ашық қолдап, АҚШ-тың әрекеттерін сынға алған болатын. Ол Венесуэла көшбасшысын «қорғансыз жағдайда қалған адам» деп атады.