Төрт қызы далада қалдырған кейуана Сара Досжанова өмірден өтті. Бұл туралы журналист Гүлмира Әбіқай хабарлады.
82 жастағы қарт кісі жайында эфир осыдан 5 жыл бұрын «Дау-дамайсыз» бағдарламасында түсірілді. Кейуана бағдарламада далада қалғанын айтып, мұңын шағады.
«Суықсай ауылындағы Сара апамыз жайлы репортажды 5 жыл бұрын түсірдім. Туған 4 қызы “сен бақ, мен бақ” деп қой кезегіндей бір-біріне сілтеп, апамыз қараусыз қалыпты. 4 қыздың төртеуі де жоғары білімді, ата-анасы оқытқан-шоқытқан. Бірі дәрігер, бірі мектепте завуч. Алайда, туған анасын қарамауға мың себебі бар. Бірі күйеуім жақтырмайды десе, келесісі үйде тұңғышы мектеп бітіріп тестке дайындалады, соған бөгет болады деді. Қалған екі қыз (Талдықорған, Қапшағай) шалғайдан жете алмайтынын сылтауратты. Ақыры ауыл болып, қара шаңырағын ақтап, сылап, халық кезектесіп қарайтын болып шешкен еді. Сара апамыз 3 жыл бұрын қайтыс болыпты, жатқан жері жайлы болсын», - деп жазды Гүлмира Әбіқай.
Журналисттің айтуынша, кейуананың үлкен қызы хабарласып, өзінің өкінішін білдірген.
Сара Досжанова – сауат ашқан, оқыған әйел. Кеңес жылдары беделді қызметтерде болған. Осы ауылдың Нұрмұхан Байтоғынов есімді азаматына күйеуге тиіп, 60 жыл бірге ғұмыр кешкен.