Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Саясат Нұрбек «Болашақ» бағдарламасы қатысты жанжалға пікір білдірді

16:09, 30 мамыр 2024 537

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Болашақ» бағдарламасы қатысты жанжалға пікір білдірді. Бұл туралы Alash.kz Kursiv.media сайтына сілтеме жасап. 

Бұған дейін Наталья Воробьева мен Мақпал Дәрібаева Президентке үндеу жолдаған еді. Олар «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша оқып, артынша оқуын тастап кеткен стипендиат Валерия Гавриленкоға кепілгер болған. Шағымданушылар стипендиат кесірінен баспанасыз қалу қауіпі туындағанын айтады.  

2019 жылы Валерия Гавриленко «Болашақ» орталығының қызметкерлерімен сөз байласып, 2 пәтерді кепілден заңсыз шығарып сатып жіберген. Содан кейін Ұлыбританияға қоныс аударған. Енді «Болашақ» орталығы екі журналистен оқудың ақшасын қайтаруды талап етуде.  Яғни кепілгер болған қос журналист шамамен 30 млн теңге ақша төлеуге мәжбүр.

 «Болашақ» орталығындағы дауға байланысты Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек түсініктеме жасап, мәселенің қалай шешіліп жатқанын баяндап берді. 

«Заң бойынша екі кепілгер-Воробьев пен Дәрібаева-ортақ жауапкершілікте. Яғни олар келісімге қол қою арқылы бұл жауапкершілікті өз еркімен алды. Біз жағдайдың әділетсіз екенін түсінеміз. 2-3 күн бұрын Гавриленко толық өз кінәсін мойындап, екі жақты келісімшартқа қол қойылды. Сол келісімшарттың арқасында ол бүкіл ақшаны қайтарамын деп өзіне міндет алды. Енді жауапты тұлғаларға да Бас прокуратура арқылы тиісті заңнама аясында мәселесін бастап кеттік», – деді министр Сенат кулуарында.

Министр мәселе заң аясында шешілетінін, кепіл иелеріне талап қойылмайтынын айтты. Гавриленко болса ақшаны төлеуді бастаған.

«Сондай-ақ жауап беруші 3 тарапқа шағым түсіруге мәжбүр болдық. Себебі заң аясында олар да жауапты. Осылай істеуге мәжбүр болдық. Гавриленко барлық ақшаны төлесе, гарант иелеріне шағым болмайды. Менің ойымша, оларға дұрыс кеңес берілмеген. Олар қауіпті сезіп, залалды толық өтейміз деп ойланған. Бүгінде барлық шағым Валерия Гавриленкоға қатысты болады», – деді ведомство басшысы.

Сонымен қатар министр «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығының бұрынғы басшылары мен қызметкерлерін жауапкершілікке тарту бойынша шараларды жеделдету мақсатында Бас прокурорға хат жолдағанын айтты.

Шағымданушылардың айтуына қарағанда, бұл заңсыздық «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығының президенті Жанболат Мелдешовтің кезінде болған. Ол орталықты 2016 жылдың қыркүйегі мен 2019 жылдың тамызына дейін басқарған.

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ баспасөз қызметі бұл жағдайға қатысты мәлімдеме жасап, шетелде заңсыз жүрген стипендиаттарға қатысты ауқымды тексеріс жүріп жатқанын хабарлады.

«Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның 2015 жылғы 14 желтоқсандағы No 34-4.10 шешімі негізінде Гавриленко В.В. Ұлыбританияның Ливерпуль университетінде «Стратегиялық коммуникация» мамандығына магистратура бағдарламасы бойынша оқу үшін ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері атанды, 2016-2017 оқу жылында академиялық оқудан өтті. Жасалған келісімшарттың талаптарына сәйкес, стипендиат оқуын аяқтағаннан кейін дипломын тапсыру, оқуын аяқтағаннан кейін Қазақстан Республикасына оралу және Қазақстан Республикасы аумағында мамандығы бойынша жұмыс істеу міндеттемелерін алды»,- делінген хабарламада.

Орталықтың хабарлауынша, келісімшарт аясында стипендиат оқу құнының жалпы сомасынан кем емес бағаланатын жылжымайтын мүлікті кепілге қоюға міндетті. Кепілге қойылған жылжымайтын мүлік академиялық оқудың жалпы құнын өтемеген жағдайда, қамтамасыз етілмеген қалған сома бойынша стипендиат оқуын аяқтағаннан кейін міндеттемелерді қамтамасыз ететін жұмысқа қабілетті кепілгерлерді ұсынады.

Гавриленко екі жылжымайтын мүлік нысанын кепіл ретінде ұсынған. Алайда олардың құны оқу құнын толық өтемегендіктен, стипендиат үшін ресми түрде екі «кепілгер» – М.А.Дарибаева, Н.А. Воробьева кепілдік берді, олардың әрқайсымен Орталық кепілдік шарттарын жасасқан.

«Кепілдік шартының 2.1 және 2.2 тармақтарына сәйкес М.А.Дарибаева мен Н.А. Воробьева оқуды ұйымдастыру шарты бойынша барлық міндеттемені толық орындауға бірлесіп жауапкершілікті мойнына алған. Сонымен қатар кепілдік шартының 2.4 тармағына сәйкес, стипендиаттың Орталық алдындағы міндеттемелерін орындамауы немесе тиісті түрде орындамауы жағдайында міндеттемелерді орындау туралы талапты қанағаттандырмаған жағдайда, Орталық орындалмаған бөліктегі аталған талапты кепілгерге қоюға құқылы», – делінген Орталық мәлімдемесінде.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар