Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Сарапшы Қазақстандағы мыс өңдеу тарифіне қатысты тәуекелдерді атады

19:28, 24 қыркүйек 2026

Мыс концентратын өңдеуге арналған әлемдік тарифті Қазақстан үшін ұзақмерзімді бағдар ретінде автоматты түрде қолдану дұрыс емес. Экономист Юрий Масанов Қазақстандағы ішкі TC тарифін анықтау мәселесіне қатысты осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Alash.kz

Treatment Charges (TC) – мыс концентратын бастапқы өңдеу және балқыту үшін төленетін ақы. Биыл әлемдік TC көрсеткіші алғаш рет тоннасына нөл доллар деңгейіне дейін төмендеді, ал споттық мөлшерлемелер 2024 жылдан бері теріс мәнде қалып отыр.

Масановтың айтуынша, бұл өңдеу шығындары жойылды деген сөз емес. TC деңгейі ең алдымен нарықтағы мыс концентратының көлемі мен балқыту қуаттарының арақатынасына байланысты қалыптасады.

Қазір концентрат көлемі өңдеу кәсіпорындарының сұранысын толық қамтамасыз етпегендіктен, зауыттар шикізат үшін бәсекелесіп, өндірістік қуаттарын жүктеу үшін тарифті төмендетуге мәжбүр.

Бұл жағдайға Қытайдағы металлургиялық қуаттардың қарқынды өсуі де әсер етті. Халықаралық энергетикалық агенттік дерегіне сәйкес, 2005 жылдан бері әлемдегі мыс балқыту қуаттары өсімінің 90%-дан астамы Қытайға тиесілі. 2025 жылға қарай елдің әлемдік қуаттардағы үлесі шамамен 50%-ға жеткен.

Сонымен қатар зауыттардың электр энергиясына, отынға, қызметкерлерге, жөндеуге, реагенттерге және өндірісті жаңғыртуға жұмсайтын шығындары сақталады. Сондықтан Масанов нарықтық TC көрсеткішін нақты өндірістік шығындармен теңестіруге болмайтынын атап өтті.

Тағы бір мәселе – алтын, күміс, күкірт қышқылы және басқа да ілеспе өнімдерден түсетін кірісті тарифтен автоматты түрде шегеру.

Сарапшының пікірінше, мұндай өнімдерді өндіру үшін қосымша жабдық, энергия, персонал және инвестиция қажет. Ал кіріс көлемі концентраттың құрамына, пайдалы компоненттерді бөліп алу деңгейіне және нарықтық бағаларға байланысты өзгеріп отырады.

Масанов мысты бөліп алу тиімділігіне де назар аударды. Оның бағалауынша, алдыңғы қатарлы Қытай кәсіпорындарында бұл көрсеткіш 98–99%-ға дейін жетсе, Қазақстандағы зауыттарда шамамен 95–96% деңгейінде.

Ірі көлемдегі өндірісте бірнеше пайыздық айырмашылықтың өзі жаңғырту арқылы қосымша алуға болатын едәуір металл көлемін білдіреді.

Сарапшының пікірінше, ілеспе өнімдерден түсетін кіріс артқан сайын негізгі TC тарифін автоматты түрде төмендету кері ынталандыру тудыруы мүмкін. Яғни кәсіпорын шикізатты неғұрлым тиімді өңдеген сайын, негізгі өңдеу үшін алатын төлемі азаяды. Бұл терең өңдеу мен жаңғыртуға инвестиция салуды шектеуі ықтимал.

Масанов Қазақстандағы TC тарифін анықтаудың мақсаты ішкі нарықты әлемдік экономикадан оқшаулау немесе белгілі бір кәсіпорынның табысына кепілдік беру емес екенін атап өтті.

Оның пікірінше, кен өндіру саласының бәсекеге қабілеттілігін сақтай отырып, отандық металлургияның жұмыс істеуіне, жаңғыруына және жаңа өндірістік қуаттарға инвестиция салуына мүмкіндік беретін ашық әрі түсінікті ережелер қажет.

Сондықтан тариф әдістемесінде кәсіпорындардың негізделген шығындары, инвестициялар және өндірістің нақты экономикасы ескерілуі тиіс.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар