Астанада жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты өтіп жатқан сот отырысында оқиға кезінде ауыр жарақат алған тағы бір жәбірленуші Айнұр Нұрпейісованың медициналық сараптама қорытындысы оқылды, деп хабарлайды Alash.kz.
Сот залында адвокат Жадыра Құрымбаева жәбірленушінің медициналық құжаттары мен сот-медициналық сараптама қорытындысын жария етті. Құжатқа сәйкес, Нұрпейісованың бас сүйегінің оң жақ самай және маңдай сүйектері сынып, бөліктері ішке қарай кіріп кеткен. Бас сүйегінің ауыр жарақатынан ортаңғы және алдыңғы бөліктері, сондай-ақ оң жақ самай тұсы қатты зақымдалған.
«Оң жақ самай сүйегі сынып, ішіне кіріп кеткен. Сүйектің сынығы ортаңғы бассүйекке дейін жеткен. Соның салдарынан оң жақтағы есту жүйкесі қатты зақымданған. Бұдан бөлек, құлақтың ішіндегі дыбыс қабылдау құрылымдары бұзылған. Сотқа ұсынылған сурдологтардың қорытындысында Айнұр Нұрпейісоваға IV дәрежелі жарақаттан кейінгі «сенсоневралды кереңдік» диагнозы қойылғаны айтылды. Яғни оның оң құлағы мүлде естімейді», — деді адвокат Жадыра Құрымбаева.
Қорғаушы бұл жарақаттың қайта жазылмайтынын, есту қабілетін ота арқылы да, емдеу жолымен де қалпына келтіру мүмкін еместігін жеткізді. Сонымен қатар, жалғыз естіп тұрған сол құлаққа түсетін салмақтың артуы салдарынан болашақта Нұрпейісоваға арнайы есту аппараты қажет болуы мүмкін.
Осыған байланысты адвокат бұл деректерді іс үшін өте маңызды деп санап, оқиға кезінде Айнұр Нұрпейісованы емдеген дәрігер мен нейрохирургты сотқа шақырып, жауап алуды өтінді. Адвокаттың пікірінше, бұл мамандардың жауабы бас жарақаты мен кейін пайда болған кереңдіктің арасындағы тікелей байланысты анықтауға көмектеседі.
Айта кетейік, фельдшер Ұлдана Мырзуан 2025 жылғы 8 қарашада Астанада тұрғын үйдің қасбеті құлаған кезде оқиға орнына жедел жәрдем бригадамсымен барған еді. Ол зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетіп жатқан сәтте қайта құлаған құрылыс бөлшектерінің астында қалып, алған ауыр жарақаттарынан қайтыс болды. Қазіргі уақытта аталған қылмыстық іс бойынша тұрғын үйдегі Мүлік иелері бірлестігінің (МИБ) төрайымы Сәуле Жұбаниязоваға қатысты сот процесі жүріп жатыр.