Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Саясат Нұрбек саясатын өзгертті: "Болашақ" стипендия иегерлеріне қатаң ескерту

11:21, 17 сәуір 2026

Болашақ халықаралық стипендиясы аясында білім алған, бірақ міндеттемелерін орындамаған түлектер үшін айыппұл көлемін арттыру мәселесі қаралуда. Бұл бастаманы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі көтеріп отыр, деп жазады Alash.KZ.

Министр Саясат Нұрбек Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов ұсынған идеяны қолдады. Депутаттың пікірінше, мемлекет қаржысын тиімсіз пайдаланған азаматтар оқу шығынынан да көп қаражат қайтаруы тиіс.

Айта кетейік, бұған дейін 2010 жылы айыппұл мөлшері жұмсалған қаржының 25%-ынан 10%-ына дейін төмендетілген болатын. Енді министрлік бұл жеңілдіктен бас тартып, жауапкершілікті қайта күшейтуді жоспарлап отыр.

Мұндай өзгерістердің ұсынылуына бағдарлама талаптарын орындамайтындардың азаймауы себеп болған. Ресми деректерге сәйкес, 2013 жылдан бері тәртіп бұзғандар бюджетке 14,5 млрд теңге қайтарған. Ал 2026 жылдың алғашқы үш айында ғана мемлекет қазынасына 378,5 млн теңгеден астам қаражат өндірілген.

Министрдің айтуынша, айыппұлды ұлғайту қаржылық тәртіпті күшейтудің тиімді тетігі болуы мүмкін. Қазір құзырлы органдар жаңа мөлшерлемелерді есептеп, заңнамалық өзгерістерді енгізу жолдарын қарастыруда.

Егер бастама қолдау тапса, бағдарлама шарттарын орындамаған түлектер алған грант сомасын ғана емес, оған қоса едәуір көлемде айыппұл төлеуге міндеттеледі.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар