Танымал актриса әрі әнші Салтанат Бақаева қоғамдағы мәдени құндылықтардың өзгеруіне және театр өнеріне деген сұраныстың төмендеуіне қатысты маңызды мәселе көтерді, деп жазады Alash.kz.
Ол әлеуметтік желідегі парақшасында соңғы кездері қойылымдар кезінде көрермен қарасының тым аз екеніне назарын аударды. Өнер иесінің пайымдауынша, қазіргі аудитория терең мағыналы дүниелерден гөрі жеңіл әзіл мен мәні төмен бағдарламаларға көбірек көңіл бөле бастаған.
Өнер майталманы театр мамандарының еңбегі тиісті деңгейде бағаланбай жатқандай сезінетінін жеткізді. Әсіресе, алдағы уақытта жоспарланған «Зүлейха» спектакліне билеттердің нашар сатылуы және залдың жартылай бос болуы оның көңіліне қаяу салған. Актриса бүгінгі жастардың талғамы мен театр саласындағы өзекті мәселелерді байланыстыра отырып, халықты рухани азық іздеуге шақырды.
Threads желісіндегі жазбасында Салтанат Бақаева қазіргі жағдайды былай деп толық баяндады:
«Қазіргі жастар театрға қызықпай ма? Әлде біз, театр мамандары жөнді қойылым қоя алмай жүрміз бе? 19 сәуір күні «Зулейха» қойылымы болады, бірақ зал жартылай бос. Осындай жағдайлар өкінішке орай сағыңды сындырады. Шынайы өнер, терең ойлы спектакльдер қызық емес. Оның қасында әзілге құрылған концерттер немесе 3-4 адамды отырғызып болмашы өсектерді талқылау қызық болып кетті. Әзіл деген жақсы, бірақ өмір тек әзілден тұрмайды ғой! Театрға келуді әдетке айналдырайық!»
Актрисаның пікірінше, көңіл көтеру мен күлкі өмірдің ажырамас бөлігі болғанымен, адам баласы интеллектуалдық тұрғыдан дамуды ұмытпауы тиіс. Ол жеңіл-желпі дүниелердің танымалдылығы шынайы өнердің тасада қалуына әкеп соғатынына алаңдаулы. Осы ретте ол отандастарын мәдениетті қолдауға және театрға келу мәдениетін қалыптастыруға үндеді.