Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Ринат Заитов дәстүрлі ұлттық театр ашуды және «Жаңа қазақ әдебиеті» деген пәнді мектеп бағдарламасына енгізуді ұсынды

17:47, 03 қазан 2024 589

Мәжіліс депутаты, айтыскер ақын Ринат Заитов дәстүрлі ұлттық театр ашуды және мектеп бағдарламасына «Жаңа қазақ әдебиеті» деген пән енгізуді ұсынды, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы. 

Azattyq Ruhy мәлімдеуінше, бүгін мәслихат депутаттарының форумында Президенттің алдында баяндама жасаған Ринат Заитов орайлы сәтті пайдалана отырып, көкейінде жүрген проблемаларды қозғады. Оның айтуынша, қазір мәжіліс депутаттары ел ішіндегі өзекті мәселелерді бүкпесіз айтатын болған.  

«Осыдан бірнеше жыл бұрын Парламент мінберінде елдің сөзін сөйлейсің, қоғамды өзгертуге үлес қосасың десе, өзге түгіл өзім де сенбес едім.  Ал, қазір сол жаңа өзгерістердің бел ортасында жүрмін. Кезінде көшеде, монументтің маңында айтылатын халықтың мұң-мұқтажы бүгінде мәжілісте айтылып жүр. Бұрынғы қасаң қағидалар, қатып-семген түсініктер келмеске кетті десек, артық айтқандық емес. Қазіргі Мәжіліс пен мәслихаттарға халықтың сөзін сөйлей алатын, ұлтты ұйыстыра білетін азаматтар шоғырланған. Олардың дені осы залда отыр. Сол ортада қиыннан қиыстырып жүргеніміз бар енді. Бұл – өзіңіз айтқан «Еститін мемлекет» қағидатының нақты орындалуы, көшеде көтерілетін мәселелердің Парламентте ашық әрі бүкпесіз талқылануы. Халықтың өз ішінен қайнап-пісіп шыққан депутаттар әр өңірдегі түйінді, түйткілді мәселелерді биік саяси мінберден ортаға салып келеді», - деді ол президенттің алдында баяндама жасай отырып.

Заитов «қазір депутаттар жеткізе алмай күмілжіген сөз, бүгіп қалған ой жоқ» дегенді нық сеніммен айта аламын дейді. «Тілегім көп болғанымен, арманым біреу» деген  Заитов мемлекет басшысына мазалайтын мәселелерін айтты.

«Өткен жылы осы сәттің келерін сезгендей журналист Жамбыл Зейнуллин менен «кездесе қалсаңыз Президентке не айтасыз?», – деп сұраған еді.  Сол кезде елге берген уәдемді орындауға мүмкіндік туды. Соны сізге бүгін жеткізгім келеді.Алғашқы айтпағым, мәдени майданда қазақ үшін, оның руханияты үшін, ұлтымыздың ұлы болмысынан айрылып қалмауы үшін, бүгініміз тозып, ертеңіміз азып кетпеуі үшін негізгі мәселе – ұлттық дәстүр мен өнер. Тәуелсіздік алғалы бері еш ескерілмей тасада қалған ұлттың төл өнерін төрге шығаратын уақыт келді.  Қорқыт атамыздың қолынан түспеген қобыз, Сүйінбай сөзімен абырой-намысымызды асқақтатқан айтыс, күй атасы Құрманғазы мен Тәттімбет, Маңғыстаудан Сыр бойына дейін жыр төккен сүлейлер мен қайқылар,  әлемді әнімен мойындатқан Әмірелердің мұрасы бүгінгі күні өздеріне лайық тұғырға орналаса алмай келеді. Қазақ ұлтының перзенті ретінде бұл жағдайды жеткізбеу – маған сын. Өйткені, дана халқымыз өткенін ескермегеннің келешегі болмайды деген. Салт-дәстүр мен ұлттық өнерді насихаттау келешек ұрпақтың санасын сергек, ойын салмақты, идеологиясын таза сақтайды», - деді Заитов.

 

Депутаттар форумында президенттен бөлек үкімет мүшелері де толық отырғанын айтқан Заитов «ұлттық дәстүр мен өнердің ордасына айналатын оңаша шаңырақ қажет» деді де жаңа ұлттық театр туралы идея тастады.

«Мәселен, Қытайдағы дәстүрлі Пекин орталығы, Италиядағы Ла-скала, мынау тұрған Қырғыз ағайынның дәстүрлі Манас орталығы өз ұлтының төл өнері мен дәстүрін сақтап, дамытып отыр. Бізге де осындай республикалық деңгейдегі ұлтымыздың ән, күй, жыр, айтыс-термесін әлемге танытатын бір дәстүрлі ұлттық театр ауадай қажет. Ол жай ғана театр емес, қазақ ұлтының рухани байлығын баршаға паш етіп, ұрпақ тәрбиесіне оң әсерін тигізетін орталық болатынына еш күмәнім жоқ», - деді Заитов.

Депутаттың президент алдында айтқан соңғы тілегі – мектеп бағдарламасына ұсынған жаңа пән болды.

«Мені толғандыратын тағы бір мәселе – ұрпақтың патриоттық тәрбиесінің әлсіреуі. Бұл орайда да ортаға салар бір ойым бар. «Тәрбие тал бесіктен басталады», – деген атам қазақ жас буынның жалынды болып өсуіне ерекше мән берген. Сондықтан болар сонау ерте замандардан бертінге дейін біз өз ұл-қыздарымызды жігер беретін жырлар мен ұлттық рухын асқақтататын шығармалармен сусындатып өсірген едік. Жерімізге жоңғар шапқанда Қазыбек бидей аталарымыз «Біз қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, Найзаға үкі таққан елміз», – деп тәлім берген буыны Ұлы Даламызға қалқан болып еді. Ұлттығымызға қатер төніп, болашағымыз сынға түскен сағатта Ақтамбердінің «Күлдір-күлдір кісінетібін», Махамбеттің «Ереуіл атқа ер салмайын» бесіктен бойына сіңіріп өскен Алаш қайраткерлері қазақ даласын қорғап қалды. Кешегі 86-ның желтоқсанында да азаттықты қорғап алаңға шыққан қазақ жастары Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпынын» жатқа айтатын. Ал, бүгін өкінішке орай, біздің жас буын «Аяз ата келіп тұр, бізге сәлем беріп тұрдан» аса алмай отыр. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Сізден және Үкімет мүшелерінен мемлекеттің барлық мектептерінде 7 сынып пен 11 сынып арасында Тәуелсіздіктің бағасын түсіндіретін, Отанды шынайы сүюге баулитын шығармалардан тұратын «Жаңа қазақ әдебиеті» атты пәнді енгізулеріңізді сұраймын», - деді Заитов.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар