Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

“Ресейліктер Украина, Қазақстан мен Кавказды ерікті түрде беріп қойды” - Путин пен Буштың келіссөздер стенограммасы жария болды (ФОТО)

13:40, 26 желтоқсан 2025

АҚШ-тың Джордж Вашингтон университеті жанындағы Ұлттық қауіпсіздік мұрағаты Владимир Путин мен Джордж Буш арасындағы 2000-жылдардағы келіссөздердің стенограммасын жариялады, деп хабарлайды Alash.kz BBC-ге сілтеме жасап. 

Құжаттарда Ресей президентінің Қазақстан, Украина және Кавказ елдерінің тәуелсіздігіне қатысты сол кездегі көзқарасы анық байқалады. Материалдарға сүйенсек, 2001, 2005 және 2008 жылдары өткен кездесулерде Владимир Путин Ресейдің көршілес аймақтардан айырылып қалғанын тарихи тұрғыдан негіздеуге тырысқан. Әсіресе 2001 жылдың жазында Бушпен болған әңгімесінде ол бұл жағдайды ақылға сыймайтын іс ретінде сипаттаған. Путиннің айтуынша, партия басшылары ғасырлар бойы Ресейдің бір бөлігі болып келген Украинаны, Қазақстанды және Кавказды өзгелерге "өз еркімен беріп қойған".

“Ресейліктер мыңдаған шаршы шақырым аумақты ерікті түрде өткізе салды. Бұл - бұрын-соңды болмаған жағдай. Ресейдің ажырамас бөлігі болып келген Украинаны, Қазақстан мен Кавказды беріп қойды. Мұны ақылға сыйғызу қиын, бұл шешімдерді кезінде партия басшылығы қабылдады”, - делінген стенограммада.

Келіссөздер барысында Кремль басшысы НАТО-ның шығысқа қарай кеңеюіне де ашық қарсылық білдірген. Ол Украинаның Солтүстік Атлантикалық альянсқа мүше болуының Батыс үшін қандай пайдасы бар екеніне күмәнмен қараған. Путин Украинаны Батыс әлемінің бір бөлігі ретінде бекіту логикасын дұрыс емес деп санаған.

Стенограммада екі ел басшысының бір-біріне достық пейіл танытқаны байқалады. Дегенмен Ресей мен Батыс арасындағы байланысты сақтауға мүдделі екенін айтқан Путин өз саяси ұстанымын дәлелдеу үшін тарихқа жиі жүгінгені құжаттарда нақты көрсетілген.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар