АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Мюнхен қауіпсіздік конференциясы барысында Ресейдің Украинадағы соғысты аяқтауға ниетінің қаншалықты шынайы екеніне күмән бар екенін айтты, Alash.kz ұлттық порталы.
Оның сөзінше, Мәскеу соғысты тоқтатуға дайын екенін мәлімдегенімен, Вашингтон бұл ұстанымның нақты әрі байыпты екеніне көз жеткізбеген. «Ресей тарапы соғысты тоқтатуға әзірміз дейді. Алайда олардың бұл мәселеге қаншалықты салмақпен қарап отырғанын нақты айта алмаймыз», – деді ол.
CNN телеарнасының мәліметінше, Рубионың бұл жолғы сөзі былтыр осы жиында сөйлеген Джей Ди Вэнстің мәлімдемесінен мазмұндық әрі реңк тұрғысынан ерекшеленген. Мемлекеттік хатшы АҚШ пен Еуропа арасындағы берік әріптестіктің маңызын атап өтіп, қатысушылардың қолдауына ие болды.
Сонымен қатар ол АҚШ-қа өзін-өзі қорғай алатын, жауапкершілікті бөлісе білетін одақтастар қажет екенін жеткізді.