20 ақпан күні таңертең ресейлік көпмақсатты Су-30 жойғыш ұшағы Атыраудағы Хиуаз Доспанова атындағы халықаралық әуежай аумағына жоспардан тыс қонды. Бұл туралы Alash.kz хабарлады.
Алдын ала мәліметке сәйкес, әскери ұшақты Ресей Федерациясының азаматы, 1986 жылы туған Дмитрий Нифантьев басқарған. Ол – Башқұртстан Республикасының Белорецк қаласының тумасы. Ұшақ Каспий теңізі үстінде әскери жаттығу орындап жүрген.
Ұшу барысында ұшқыш бағытынан жаңылып, Атырау әуежайына шұғыл қону туралы шешім қабылдаған. Әскери әуе кемесі қалыпты режимде жерге қонған. Оқиға салдарынан жолаушыларға да, әуежай қызметіне де қауіп төнбеген.
Жойғыш ұшақ әуежайда қысқа уақыт аялдап, ұшқышқа медициналық көмек көрсетілген. Қажетті рәсімдер мен келісімдерден кейін әуе кемесі Қазақстан аумағынан шығып, Ресейге қайта оралды.
Қазіргі уақытта құзырлы органдар оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Ресми толық ақпарат кейінірек жарияланатыны хабарланды.