Ресей аумағындағы ірі металлургия кәсіпорнында Қазақстанның екі азаматы қаза тапты, деп жазады Alash.KZ.
Қайғылы оқиға Вологда облысындағы Череповец металлургиялық комбинатының өндірістік аумағында болған. Аталған зауыт «Северсталь» компаниясына тиесілі және елдегі негізгі өндіріс орындарының бірі саналады. Кәсіпорын аумағынан мердігер ұйымдарда еңбек еткен, Қазақстан азаматтығындағы екі жұмысшының денесі табылған.
«Северсталь» компаниясының мәліметінше, 14 қаңтар күні өндіріс алаңынан екі қызметкердің өмір белгілері жоқ күйде табылғаны анықталған. Қазіргі таңда олардың қаза болу себептері белгісіз, оқиға орнында тиісті жедел қызметтер жұмыс жүргізіп жатыр. Компания марқұмдардың отбасы мен жақындарына көңіл айтты.
Сонымен қатар, Ресей Тергеу комитетінің Вологда облысы бойынша басқармасы аталған дерекке байланысты жедел-тергеу тобы іске кіріскенін мәлімдеді. Қайғылы жағдайдың мән-жайы жан-жақты тексерілуде.