Ресей депутаты Орталық Азия елдерімен визалық режим енгізуді ұсынды, деп жазды Alash.kz.
Ресей Мемлекеттік думасының депутаты, «Әділетті Ресей» фракциясының жетекшісі Сергей Миронов Орталық Азия елдеріне қатысты көші-қон саясатын қатаңдатуды ұсынды.
Депутаттың айтуынша, Ресей Орталық Азия мемлекеттерімен визалық режим енгізу мүмкіндігін қарастыруы немесе Беларусь тәжірибесіне ұқсас еңбек миграциясы моделіне көшуі қажет. Бұл модель бойынша шетелдік жұмыс күшін тек жергілікті мамандар жетіспеген жағдайда ғана тарту көзделеді.
Сонымен қатар Сергей Миронов:
- еңбек мигранттарына отбасы мүшелерін бірге алып келуге тыйым салуды;
- шетелдік азамат немесе оның отбасы қылмыс жасаған жағдайда олардың отбасы мүшелерін де елден шығаруды;
- мигранттарға жұмыс істеуге тыйым салынатын мамандықтар тізімін кеңейтуді ұсынды.
Қазіргі таңда бұл ұсыныс тек депутаттың жеке бастамасы болып саналады. Ресейде Орталық Азия елдерінің азаматтарына визалық режим енгізу туралы ресми шешім қабылданған жоқ.