Маргарита Симоньян онкологиялық дерттен кейін алғаш рет көпшілік алдына шықты, Alash.kz ұлттық порталы.
Ресейлік тележүргізуші, RT телеарнасының бас редакторы Маргарита Симоньян онкологиялық аурумен күресіп жатқанын бұған дейін ашық айтқан еді. Ол сүт безіне жасалған операциядан өтіп, бірнеше химиотерапия және сәулелік терапия курсынан алған.
БАҚ мәліметінше, ем-домнан кейін ағзасы әлсірегендіктен, Симоньян біраз уақыт адамдармен қарым-қатынасты шектеген. Қазір оның жағдайы жақсарып, біртіндеп қалыпты өмірге оралып жатқаны хабарланды.
Жуырда ол туған қаласы – Краснодарға барып, «Краснодардың Құрметті тұрғыны» атағымен марапатталды. Салтанатты жиында ол ерекше толқыныс сезінгенін айтып, марапатты табыстауға үлес қосқандарға алғыс білдірді.
Бұл шара – Симоньянның емнен кейінгі алғашқы ресми іс-шараларының бірі. Сонымен қатар ол көпшілік алдына алғаш рет париксіз шыққаны айтылды.
Еске сала кетелік, Симоньян өзін «Қазақстанға әскер жіберсе, бақытты болам» деп айтқан.
«Мен Украина, Сирияда және егер тағы да шақырса, Қазақстандағы қандай да бір "бармалейлермен" күресу үшін [соғысуды] өзімізге мүмкіндік бере алатын болсақ, өте бақытты болар едім», – деді пропагандист ЭМПАТИЯ МАНУЧИ хабарына берген сұхбатында.
Симонян айтып отырған “Бармалей” Корней Чуковскийдің доктор Айболит туралы ертегілеріндегі зұлым, тонаушы әрі каннибал кейіпкер. Кремль пропагандисі осы сөзі арқылы Қаңтар оқиғасы кезінде ҰҚШҰ әскерінің Қазақстанға кіргізілуін, “Бармалей” деп билік нұсқасы бойынша “террорист” деп танылғандарды тұспалдап тұрған болуы мүмкін.