Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) бас хатшысы, Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Иманғали Тасмағамбетов Ресей "жаңа зымыран жүйесін сынақтан өткізуге мәжбүр болды" деп мәлімдеген, деп жазды Alash.KZ Азаттыққа сілтеп.
Ресейлік ТАСС агенттігі жариялаған сұхбатында Тасмағамбетов ҰҚШҰ "Орешник" зымыранын қолдануды зерттеп жатқанын айтты.
"ҰҚШҰ-да қазіргі заманғы барлық қару-жарақты қолдану, сынақтан өткізу тәжірибесі мен дамыту болашағы зерттеледі. Бұл жұмысымыздың ажырамас бөлігі. Бұған қоса Ресей жаңа зымыран жүйесін сынақтан өткізуге мәжбүр болған халықаралық жағдайды да бірге талқылаймыз. Және бұл жағдайдың даму болашағын да" деп жауап қатқан Тасмағамбетов ТАСС агенттігінің "Орешник" зымыранын қолдану жөнінде қойған сұрағына.
Тасмағамбетовтың сұхбаты Астанада ҰҚШҰ саммиті басталар қарсаңда жарияланды.