Польша билігі Беларусь пен Ресейдің “Батыс-2025” бірлескен әскери жаттығулары басталар қарсаңында шекараға 40 мыңға жуық сарбазын шоғырландырды. Мұндай қадамға ресейлік дрондардың бірнеше мәрте Польша әуе кеңістігін бұзып өтуі түрткі болған, деп хабарлайды Alash.KZ.
Бұған дейін Варшава қауіпсіздік мақсатында Беларусьпен арадағы барлық шекара бекеттерін уақытша жапқан еді. Алайда дрондар оқиғасынан кейін шекараның ұзақ уақытқа жабық қалуы мүмкін екені белгілі болды. Мәскеу мен Минск өтетін оқу-жаттығулар барысында ықтимал соғыс сценарийлерін пысықтауды көздеуі мүмкін. Олардың ішінде НАТО үшін аса маңызды аймақ саналатын Польша мен Литваны жалғайтын Сувалки дәлізіне шартты “шабуыл” жасау жоспары бар деген болжам бар. Бұл дәліз - Балтық елдері мен Еуропаның қалған бөлігін байланыстыратын негізгі жол, сондықтан кез келген әскери маневр аймақтың тұрақтылығына тікелей әсер етуі ықтимал.
Польшаның қорғаныс министрлігі соңғы күндері жағдайды жіті бақылап отырғанын мәлімдеді. Ел билігі НАТО одақтастарымен бірге аймақтағы кез келген әскери қатерге дайын екендігін алға тартып отыр.