Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың ұлы Адам Қадыров Грозный қаласындағы Республикалық клиникалық ауруханаға жеткізілді. Оның жағдайы ауыр екені хабарланды. Бұл туралы «Кавказ.Реалии» басылымы екі дереккөзге сілтеме жасап мәлімдеді, деп жазды Alash.kz.
Грозныйдағы дереккөздердің бірінің айтуынша, Адам Қадыров қазір реанимация бөлімінде, ес-түссіз күйде жатыр. Осыған байланысты ауруханаға апаратын жолдар уақытша жабылған.
Оқиғаға қатысты ақпаратты шешен оппозициялық NIYSO қозғалысының Telegram-арнасы да таратты. Арнаның жазуынша, Қадыровтың кортежі әдеттегідей жоғары жылдамдықпен қозғалып келе жатып, күтпеген кедергіге тап болған. Соның салдарынан кортеждегі көліктер бір-бірімен соқтығысқан.
NIYSO мәліметіне сәйкес, жол-көлік оқиғасы кезінде тағы бір жоғары лауазымды шешен шенеунігінің ұлы да зардап шеккен болуы мүмкін, алайда оның аты-жөні нақтыланбаған.
Сондай-ақ арна дерегінде аурухана маңындағы даңғылдың жабылғаны, Грозный қаласына кіреберістерде көлік кептелісі пайда болғаны айтылады. Бұған қоса, Адам Қадыровты Мәскеуге жеткізуге дайындау мәселесі қарастырылып жатқаны хабарланған.
Аталған ақпаратты Шешенстан билігі әзірге ресми түрде растаған жоқ.