«Қайрат» пен «Реал» арасындағы матч Рахат Әлиевтің еңбегінің арқасында өтті. Мұндай пікірді Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі, Рахат Әлиевтің ұлы Нұрәлі өзінің Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Alash.KZ.
Ол әкесінің есімін жылы лебізбен еске алған көп хабарламалар алғанын айтып, Рахат Әлиев Қазақстанның UEFA-ға мүше болуына үлес қосқанын жеткізді:
«Әкем (Рахат Әлиев – ред.) Қазақстан футбол федерациясын басқарған кезеңде, 2002 жылдың 25 сәуірінде еліміз Азия конфедерациясынан шығып, ресми түрде UEFA-ға кірді».
Нұралі Әлиев сондай-ақ 2005 жылы Алматыға UEFA-ның бұрынғы президенті Мишель Платинидің келгенін еске алды. Ол кезде оңтүстік астанада Қазақстан құрамасы Грекиямен ойнаған болатын.
«Кеше мен Орталық стадионда Чемпиондар лигасының матчын тамашаладым: біздің алматылық «Қайрат» UEFA-ның ең атақты клубы – мадридтік «Реалға» қарсы шықты. Оның бәрі – АЛМАТЫДА! Сол сәтте қабылданған шешімнің қаншалықты стратегиялық болғанын шын сезіндім. Жылдар өтсе де, ол өз жемісін беріп отыр. Мен бұған мақтанамын!» - деп жазды ол.
Нұрәлі Әлиевтің айтуынша, бұл — Қазақстан футболы үшін тарихи жетістік.